Асыраушысынан айырылғандарға әлеуметтік көмек көрсетіле ме?
Маусым айында күйеуім қайтыс болып, үш баламен қалдым. Баламның үлкені 8 жаста. Маған үкімет тарапынан қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
Замира, Алматы облысы
Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маманы Г.Сейтпембетова жауап береді:
– ҚР «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар алуға құқылысыз. Жәрдемақы осындай көмекке құқығы пайда болған күннен бастап тағайындалады және қажеттi құжаттар 12 ай мерзiм ішінде тапсырылуы тиіс. Сонымен бірге асыраушысынан айырылғандардың ҚР «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы облыста белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығы бар. Оған қоса, ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспаған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен облыста белгіленген отбасының әрбір мүшесіне есептелген кедейлік шегінің айырмасы түрінде есептелінеді. Жәрдемақы және көмек тағайындау үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша қалалық (аудандық) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне құжаттарыңызды тапсыруыңыз қажет.