Асықтың қандай түрлері бар?
Асықтың қандай түрлері болады? Олар пішіндеріне байланысты қалай аталады?
Ернат, Ақтөбе қаласы
Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңдар тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан, бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа мүсінде болады. Асықпен ханталапай, үш табан, шеңбер сияқты неше түрлі ұлттық ойындар ойналады. Осы ойын кезінде олардың сыртқы пішіндері үлкен рөл атқарады.
Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.
Тәйке (тауа) – асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі мәнге ие.
Бүге (бүк) – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.
Шіге (шік) – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.
Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі.
Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.
Сомпы – асық тұмсығының көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.
Табан – асықтың тәйке жағы.
Оңқай – асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.
Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.
Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, межемдісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Солақайлар сақаны солақай асықтан ұстайды.