Астанада қазақ мектептері көбейіп келеді
Бүгінде елордамыз — Астана қаласы қарқынды өсу үстінде. Ондағы қазақтардың да үлес салмағы артты. Енді соған сай мемлекеттік тілде жұмыс істейтін балабақшалар мен мектептер саны қанша?
Айсұлу ЖАҚАНОВА, Ақтөбе қаласы
1998 жылы Астанадағы балабақшалар саны 41 болса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 61-ге жетті. Қазіргі таңда олардың сегізі қазақ тілінде жұмыс істейді. Болашақта 2011 жылға дейін республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 33 млрд теңгені құрайтын 60 балабақша ашу жоспарлануда. Бұлардың барлығы да тек қазақ тіліндегі балабақшалар болады.
Елордалық мектептерге келетін болсақ, олардың да саны мен сапасы арту үстінде. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1998 жылы қазақ мектебі қала бойынша бір ғана мектеп болған. Соңғы үш жылдың өзінде сегіз қазақ мектебі іске қосылды. Бүгінде астаналық жалпы оқушылардың 49 пайызға жуығы қазақ мектебі мен аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқып жатыр. Сондай-ақ өзге тілдерде білім беретін мектептердің оқу жоспарларындағы белгіленген сағатқа сай, барлық сыныптарға мемлекеттік тілді оқыту аптасына екі сағаттан қосылды.