Астана күні қалай тойланады?
Астана күні бүкіл ел болып асыға күтетін үлкен мерекелердің бірі ғой. Білейін дегенім, биылғы Астана күнінде қандай шаралар ұйымдастырылады, бұрынғы тойлардан ерекшелігі бола ма?
Абзал МҰРАТХАН, Алматы
Дәстүрге айналған елорда күні бір айдан кейін аталып өтіледі. Соған орай көпшіліктің көңілінен шығатын мерекелік мәзір алдын ала дайындалуда. Бұл ретте жылдар бойы қалыптасқан «Астана – арқау» түркі музыкасының фестивалі, Есілдегі «Әуен өзені» балет кеші, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі, экшн-фильмдер фестивалі жалғасын табады. Биыл Астана түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Соған орай мерекелік шаралардың барлығы осы атаулы жылдың аясында өтетін болады. Мәдени шаралар дені өзіміздің отандық өнер майталмандарының қатысуымен өтеді. Мәселен, елордалық театрлар жаңа қойылымның тұсауын кеспек. Сондай-ақ Алматы мен Атырау театрларының гастролі, «МузАРТ» тобының концерті мен белгілі композитор Еркеш Шакеевтің жеке шығармашылық кеші өтеді. Одан бөлек, КТК ойындары, «Ән-жүрегім – Астана» гала-концерті де көрермендерді тәнті етеді деп күтілуде. Ең басты жаңалық Құрманғазы ескерткішінің ашылуы болмақ.
Қонақ ретінде елордамызға Кореяның әйгілі опера жұлдызы Суми Джо, мәнерлеп сырғанаудан алдына жан салмайтын ресейлік Илья Авербух сияқты басқа да танымал жұлдыздар келеді.