Әскери салада қандай қазақстандық өнімдер бар?
Бізде әскери саладағы қазақстандық өнімдер бар ма? Олардың үлес салмағы қанша?
Елдос ҚАСЫМЖАН, Алматы қаласы
«Әзірге еліміздің қорғаныс саласында үлес салмағымыз ауыз толтырып айтарлықтай емес» дейді мамандар. Әйтсе де отандық мамандар «Қазақстанда қорғаныс саласы бойынша өндірілетін өнімдерді жақсылап жолға қоятын болса, оған жақсы сұраныс болуы мүмкін» екенін алға тартады. Астанада өткен КADEX-2010 қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесінде еліміздің қорғаныс саласы бойынша өнім шығаратын зауыттар кеңес өкіметі тұсында қарқынды жұмыс істеп келгендігі талғыланған болатын. Бұған қатысты: «Егер біз олардың қызметін сол кездегідей жолға қоя білсек, Ресей мен Украина сияқты елдердің зауыттары біздің өнімдерді алуы мүмкін. Оны тек жүзеге асыра білу керек. Бұл ретте әсіресе ғарыш, авиация салаларын атап өтуге болады. Біз қазіргі таңда француздармен бірлесіп, байланыс саласы бойынша қажетті өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Егер ойлаған іс сәтті жүзеге асса, байланыс саласындағы өнімдерге де өзгелер сұраныс тудыруы мүмкін. Себебі олардың да қару-жарақтары ескірген. Сондықтан әскери саладағы Қазақстанның өнімдеріне өзгелер сұраныс тудырады», – деді техника ғылымының докторы Серікбай Айсағалиев.