Арқаның бас ауруына не қатысы бар?
«Денесі сымдай тартылған сымбатты қатарластарына қарағанда, еңкіштеу балалар ашуланшақ және есте сақтау қабілеті нашар болып келеді» дегенді естіген едім. Бұл арада арқаның қандай қатысы бар?
Гүлім ЕСЕНӘЛІ, Қапшағай қаласы
Былай қарағанда, омыртқа мен бас ауруы, жиі суықтап қалу мен гастрит сияқты аурулар бір-біріне мүлде қатыссыз болып көрінетіні рас. Бірақ ортопед-дәрігерлердің айтуынша, бұл қате түсінік екен. Яғни дене бүгілгенде немесе омыртқа қисайғанда тыныс алу органдары мен қан айналымына, ас қорыту жүйесіне салмақ түсіп, олардың жұмысы күрделенуі салдарынан бүкіл ағзадағы зат алмасу процесі нашарлайды. Мәселен, дененің еңкіштігі жағдайында өттің жүруі бұзылып, үлкен дәретке отыру қиындайды, ақырында асқазан мен ішек жолдары ауруы етек алады. Демікпе мен өкпенің қабынуы да омыртқасы қисайған балаларда басқаларға қарағанда көбірек кездеседі. Бүгілген омыртқаның серпінділік қасиетінің төмендігі және қан айналымының бұзылуы салдарынан баланың басы ауырғыш келеді, зейін қоюы мен есте сақтау қабілеті әлсірейді.