Марокконың Касабланка қаласында самбодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты өтіпті. Осы біріншілікке Қоныс Жетпісов те қатысты деп естідім. Қазақстан балуандары ішінен кімдер жүлдеге қол жеткізді екен?
Бекен МҰРАТ, Орал қаласы
Ардагерлер арасындағы биылғы әлем чемпионаты төрт жас мөлшерінде өтті. Оған 22 елдің үлкен спорттан қол үзсе де, бозкілемнен кетпеген байырғы балуандары қатысты. Жалпы саны 500-ге жуық 35-39 жас аралығындағы сында 2001 жылы самбодан әлем чемпионы атанған Қоныс Жетпісов ардагер-балуандар арасында да топ жарып, алтынмен апталды. Ол финалда украиналық Олександр Мохоновты жеңді.
Қанат Жұмабаев 74 келіде күміспен күптелсе, Қайырбек Қабдолов (82 келі), Меңдіхан Қосдәулетов (100 келі) және Есентемір Демегенов (+100 келі) сынды балуандарымыз қола жүлдеге қол жеткізді.
45-49 жас аралығындағы балуандар арасында ақтық сында орыс балуанын кілемге аунатқан Нұржан Ермағанбетов бірінші орын алса, Александр Дудин (100 келі) екінші орынға ие болды. Ал Мұрат Әбділдаев (74 келі) үшінші орынды иеленді.
55-59 жас аралығындағы сында Әбдісадық Халилаев қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Шәкірттерінің өзі халықаралық аренада жүлдеге ілігіп жүрген Әбдісадық ағамыз үнемі спортзалдан шықпайтын еңбегінің жемісін көрді. Осы жас мөлшерінде Оразбай Мұтанов (68 келі) екінші орынды иеленді.
60-64 жас аралығындағы 74 келі салмақта белдескен Рамазан Құрмашев та әлем чемпионы атанды. Ол финалда Литва балуанын ұтты. Анатолий Великач (100 келі) күміспен күптелсе, Қабден Жәрдемов (ауыр салмақта) үшінші орынды еншілеп қайтты.
Бәрінен де 65 жастан асқан егде балуандарымыз жарады. Олар бір емес, екі алтын алды. Бекайдар Төлегенов (68 келі) және Қамен Смағұлов (82 келі) әлем чемпиондары атанып, өздерінің немерелері болып келетін жас буынға үлгі көрсетті. Шапай Иманғалиев (62 келі) және Ерұлан Әлиев (аса ауыр салмақ) сынды ақсақалдарымыз қола жүлдегер атанды.
Айтпақшы, 9 қарашада Минскіде әлем чемпионаты басталады. Ардагерлердің осы жеңісті жолы олардың ізбасарларына жұғысты болсын дейміз.
Ардагер самбошылар жетістігі
Последние статьи автора