Арал экологиялық аймағында тұратындарға қандай жеңілдік бар?
Мен Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтар статусына иемін. Аталмыш заң талаптарына сәйкес, Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтар статусын алғандарға белгілі жеңілдіктер және үстемеақылар қарастырылған. Қазіргі кезде Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс істеймін, бірақ Қызылорда қаласында тұрамын. Маған атылмыш заңның 13-бабында қарастырылған жеңілдіктер және үстемеақылар төлене ме? Төленген жағдайда жұмыс беруші төлей ме әлде мемлекет төлей ме?
Айгүл Бабашева, Қызылорда
ҚР Еңбек кодексінің 154-бабынан (Экологиялық зілзала және радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын қызметкерлерге берілетін кепілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді) «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы №1468-XII заңының 13-бабында көзделген кепілдіктер тек экологиялық зілзала және радиациялық қатер аймақтарында еңбек ететін қызметкерлерге қатысты қолданылады деген норма туындайды. Бұл ретте еңбек ететін азаматтарға аталған заңмен көзделген кепілдіктерді жұмыс берушілер қамтамасыз етеді.