Араб тілі – үйренуге жеңіл тіл
Араб тілі үйренуге қиын тіл деп естимін. Менің білгім келетіні, бұл көзқарас ғылыми тұрғыдан қарағанда дұрыс па?
Сәния, Алматы
Араб тілі үйренуге өте ауыр деген пікір әлемде өте кең тараған. Бірақ ғылыми тұрғыдан бұл қате көзқарас болып есептеледі. Араб тілі үнді-еуропалық тілге жатпайды, сондықтан оның көптеген ерекшеліктері өзгелерге таңсық. Ал негізгі ережелерін түсінген үйренушіге, керісінше, араб тілі жеңіл тіл болып кетеді. Әсіресе грамматикасы ұғынықты. Сөзжасамдарының қарапайымдылығы сонша, азды-көпті сөздік қор пайда болғаннан кейін, кейбір жаңа сөздердің мағынасын шамалап тұрасыз. Қиындықтар тек дыбысталуы мәселесіне қатысты болуы мүмкін.
Араб тілі афроазиялық тілдер ұяшығына жатады. Ол – барлық араб мемлекеттерінің ресми тілі. Сондай-ақ БҰҰ-ның ресми тілдерінің қатарындағы алтаудың бірі. Әлемде араб тілінде сөйлей алатын 250 миллиондай адам бар деп есептелінеді. Сонымен қатар Ислам дінін ұстанатын елдерде де жиі оқытылады.