Ақысыз демалысқа шығуға заңды құқығым бар ма?
Мен жақында мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Бір жаста балам бар. Жұмыс барысында бала күтіміне байланысты балам үш жасқа толғанша ақысыз демалысқа шығуыма бола ма? Бірақ мен сәбилі болар алдында жұмыс істегенім жоқ. Сол себепті бала туғанға дейінгі және кейінгі төленетін жәрдемақыны алғаным жоқ. Егер ақысыз демалыс алар болсам, менің жұмыс орным сақтала ма?
Алма АДАМБАЕВА, Алматы облысы
Сарапшы мамандардың айтуына қарағанда, сіз жұмыс берушіге балаңыздың үш жасқа толмағанын растайтын құжаттарды табыс еткен жағдайда, жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексінің 195-бабына сәйкес, сізге балаңыздың үш жасқа толуына дейін жалақыңыз сақталмайтын демалыс беруі тиіс. Аталған бапқа сәйкес, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметкердің жазбаша өтініші негізінде оның қалауы бойынша толық немесе бөлініп пайдаланылуы мүмкін. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.