«Ақсарайдың» жұмысы тоқтамайды
Жақында «Ақсарай» театры жабылып қалыпты дегенді естіп едім. Сол рас па? Жалпы, осы театр туралы қысқаша білігім келеді.
Рауан БӨРІБАЕВ, Ақтөбе қаласы
Ерекше қойылымдарымен елдің есінде қалып жүрген «Ақсарай» мюзикл театры 2005 жылы құрылған. Оның жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Болат Атабаев.
Қысқа мерзім ішінде театр Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» спектакльдерін ұсынып үлгерді. Бұл қойылымдарды Қазақстанның барлық қалаларында, Ашғабадта және Тбилисиде тамашалады. Қазір репертуарында Ә.Таусаровтың «Махаббат аралы», Мольердің «Одураченный муж» спектакльдері, Д.Колмановскийдің «Крутые гномы» балалар операсы, К.Чуковскийдің «Муха» мюзиклы және «Махаббат тұмары» театрланған концерттік бағдарламасы бар. Барлық спектакльдер заманауи аудио-визуалды және жарық технологиясын қолданып, инновациялық стильде жасалынды.
Орталық Азиядағы жалғыз мюзикл театры саналатын «Ақсарай» Қазақстандағы ең бірінші стационарлы мюзикл театры атанған. Театрдың әртістері бір уақытта жеке әнші-вокалист, хор, балет, драмалық актер және акробатикалық қимылдар жасауға машықтанған.
«Ақсарай» театры қазіргі уақытта біраз қаржылай қиындықтарды бастан өткеруде. Бұған дейін БТА банк қамқорлығында болған театр биылғы жылдың ақпан айынан бастап қаржыландырылмай қалды. Дегенмен театр жетекшісі «қандай да бір қиындықтарға қарамастан, «Ақсарай» ұжымы өз жұмысын тоқтатпайды» дейді.