Ақша – тиыннан, жылқы – құлыннан...
Кішкене кезімде үйдегілердiң майда тиындарды үлкен шөлмектерге салып, жинап жүретінін көретінбіз. Ал қазір дүкендерде тиын салғыштардың түр-түрі бар. Осы тиын салғышқа тиын жинау дәстүрі алғаш қай елдерде пайда болған?
Гаухар ӨТЕПБЕРГЕНОВА, Қызылорда қаласы
Ең алғаш тиын салғыштар ежелгі Қытайда пайда болған. Олардың түр-сипаты алғашында жәшік тәріздес еді. Кейіннен тиын салғыштар түрлі-түрлі пішінде жасалып, жер-жерге тарады. Ал Германияда доңыз формалы тиын салғыш байлық-береке әкеледі деп ырымдаған. Неміс тіліндегі «доңыз – бақыт» деген тіркес өте жағымды мағынада айтылады екен. Ал Ұлыбританияның кейбір банктері доңыз формалы тиын салғышты жарнамалық мақсатта пайдаланудан бас тартыпты. Өйткені доңыз мұсылман тұтынушылардың наразылығын тудырса керек. Ортағасырлық Еуропада ақшаны қауіпсіз жерде сақтау үшін мысықтың терісінен тігілген белбеуді қолданған екен. Бұл, бір жағынан, буыны сырқырап ауыратын адамдар үшін пайдасы зор деп есептелген. Осыдан бір жыл бұрын Жапония дүкендерінде өзін-өзі «құрбан етуші» тиын салғыш пайда болды. Егер оған белгілі уақытта, белгілі бір көлемде тиын салмасаңыз, тиын салғыш өзінен-өзі парша-паршасы шығып, жарылып қалады. Мұндай тиын салғыш сіздің бюджетіңіздің уақытымен толығып отыруына септігін тигізеді.