«Аномия» сөзі әртүрлі мағынада қолданылып жүр. Жалпы, бұл қандай ұғым?
Еркін БАЙБАЛАҰЛЫ, Қызылорда
«Аномия» сөзі грек тілінде заңсыздық деген мағына береді. Аталған термин жеке адамның немесе қоғамның адамгершілік-психологиялық күйін суреттейді. Нақтылай айтқанда, аномия – белгілі бір ұлт өкілдері өздерінің ертеден қалыптасқан дәстүрлі таным-түсінігінен ажырап бара жатқанда халық арасында туындайтын беймаза күй. Әсіресе қоғамдық идеалдар өте жедел қарқынмен ауысып жатқанда белгілі бір әлеуметтік топтар өздерін жат сезіне бастайды. Олар ортаға шыққан жаңа құндылықтарды толық теріске шығарып, өз пайымдауларын алға тартады. Бұл термин кейде жаңа мен көненің арасындағы тартысты білдірсе, кейде адамгершілік пен ұлтқа тән құндылықтардың құлдырауының көрінісі ретінде келтіріледі. Жаңа идеалдарды қолдамайтын жеке тұлға немесе әлеуметтік топ кейде өз халқынан баз кешіп, өзге жаққа ауып кетсе, кейде қақтығыстарға себепкер болып жатады.