Ана сүтінің химиялық құрамы қандай?
Адамның ең алғашқы қорегі – ана сүтінің құрамы неден тұрады? Сүт құрамындағы заттар сәбилі болған әйелдің диетасына байланысты бола ма?
Перизат Сағынғанова, Алматы қаласы
Ана сүті – нәрестенің иммундік қорғанышын нығайтып, ағзасының дамуын реттейтін өнім. Оның құрамы құрғақ заттардан (11,9 %), майдан (3,9 %), ақуыздан (1,0 %), лактозадан (6,8 %) және минералды заттардан (0,2 %) тұрады. Ана сүтінің 100 грамға шаққандағы энергетикалық құндылығы 70 килокалорияға тең. Мұндай жағдайда сүттің құрамын 87,5 г су, 1,03 г ақуыз, 4,38 май, 6,89 г көмірсу деп өлшеуге болады. Ана сүті ретинол, каротин, тиамин, рибофлавин, ниацин, пантотен қышқылы, пиридоксин, аскорбин қышқылы сияқты заттардан және кальций, темір, магний, фосфор, калий, натрий, мырыш тәрізді химиялық элементтерінен де тұрады. Сәбидің тұңғыш қорегінің құрамы әйелдің сүт бөлу уақытына қарай өзгеруі мүмкін. Сүт құрамындағы суда еритін дәрумендер мөлшері ананың тамақтану режиміне тәуелді. Басқа компоненттердің, айталық, темірдің мөлшері әйелдің диетасына байланысты емес.