Наурыз мерекесіне байланысты «амал кірді», «амал келді» деген сөз тіркестері айтылып жатады. Сонда «амал» деген не?
Аймырза Тобылдиев, Қостанай облысы
Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал –Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Бұл – Наурыздың, көктемнің басталу сәті. Ирандықтар, ауғандықтар және тәжіктер, сондай-ақ Үндістандағы зәрдүш дінін тұтынатындар күн мен түн теңелген сәтті арнайы күтіп, дастарқан жаяды. Сондайда олар шелпек пісіріп, тәттілер әзірлеп, балаларға теңге үлестіреді. Ал Жапонияда теңелу сәті «Сюмбун Но Хи» деп аталады. Осы күнді арнайы атап өтетін жапондықтар алдымен бейіт басына барып зиярат етеді. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелу сәтінде «Жыл ауысымы дұғасы» оқылады. Осы күнгі тілектер қабыл болады деген наным бар.
«Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді наурыз демей, амал деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Сондықтан қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ұлыс күнін тойлап, көріседі.