«Алтын құрсақты» Хауа ана
Адам ата жайлы дiни әдебиеттерден оқып-бiлгенiм бар. Ал Хауа ана хақында мәлiмет аз. Хауа ана кiм? Толығырақ айтып бере аласыздар ма?
Асылгүл МУСИНА, Алматы қаласы
Хауа ана әлемдiк дiни әдебиеттерде жер бетiндегi ең алғашқы әйел ретiнде айтылады. Адам ата екеуiнiң есiмi олардың әйгiлi «күнә жасауы» жайлы аңыздар арқылы белгiлi. Ал Құранда Хауа есiмi аталмайды. Тек «Адам атаның өмiрлiк серiгi» деп қана сөз болады. Мұсылмандардың қасиеттi кiтабында Адам мен әйелiнiң қарым-қатынасы, олардың қанша жыл жасағаны жөнiнде мәлiмет жоқ. Есесiне Адам ата мен Хауа ана туралы Мұхаммед пайғамбардың хадистерiнен оқып-бiлуге болады. Пайғамбардың түсiндiруiнше, «хауа» сөзi «өмiр бастауы» дегендi бiлдiредi екен. Әйел затының түпнегiзi – Хауа 20 рет жүктi болып, 39 баланы өмiрге әкелiптi. Шығыс халқында көп бала көтерген әйелдi «алтын құрсақты ана» деп құрметтеу осыдан қалыптасқан. Хадисте сондай-ақ Адам ата қабырғасынан жаралған әйел атаулының ердiң мәңгiлiк серiгi екенi және оған үнемi iлтипатпен қарау керектiгi баса айтылған.