Алтын да аллергия тудырады
Қазір аллергиядан зардап шекпейтін адам кем де кем: химиялық дәрі-дәрмектер, тағамдар құрамындағы түрлі жасанды қоспалар, ауадағы зиянды заттар… Ал мен саусағыма алтын жүзік тақсам болды, орны қызарып, ұсақ бөртпелер шығады. Сонда алтын да аллергия беруі мүмкін бе?
Дәрия Мұхтарқызы, Астана қаласы
Дәрігерлердің айтуынша, алтын бұйымдар да аллергия тудырады. Аллергияның белгілері 7-14 күнде белгі бере бастайды. Негізінде, аллергияны тудыратын алтынның өзі емес, одан жасалатын бұйымды берік ету үшін қосылатын қоспалар көрінеді. Мысалы, мыс, мырыш немесе никель. Алтын бұйымның сары әлде қызыл түсті болуы да сол қоспаларға байланысты екені белгілі. Қоспасыз алтын жоқ. Тіпті тіс қаптау үшін пайдаланылатын стоматологиялық алтынның құрамында да 10 пайыз қоспа болады. Кейде алтын салдырып, тісін бүтіндеп алдым-ау деп отырған адамның аяқ астынан азапқа қалатыны бар: ауыз қуысында ұсақ жара пайда болады, қызарып, қышып, мазаны алады, бір түрлі дәм сезіледі. Мұндайдың алдын алу жолы: тіс салдырмас бұрын дәрігермен кеңесіп, алтынға аллергияңыз бар ма, жоқ па – соны анықтау. Алтын жақпайтын қыз-келіншектерге дәрігерлер күміс не платина бұйымдарға көшу жөнінде кеңес береді. Ал жалпы, алтын аларда 750-сынамадан (75 пайыз алтын) төмен емес бұйым таңдағаны жөн.