Алты айдан соң еңбек демалысына шыға аламын ба?
Мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасқаныма алты ай болды. Еңбек заңына сәйкес алты ай мемлекеттік қызмет істеген қызметкер еңбек демалысына шыға ала ма?
Айдана Кемел, Астана қаласы
Еңбек Кодексінің 105-бабына байланысты қызметкерге жұмыс iстеген бiрiншi және келесi жылдары үшiн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тараптардың келiсiмi бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында берiледi. Және де жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін.
Сонымен бірге Кодекстің 107-бабы бойынша:
1. Қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын берудiң кезектiлiгi еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушi қызметкерлердiң пiкiрiн ескере отырып бекiтетiн демалыс кестесiнде белгiленедi.
2. Демалыс кестелерi өндiрiстiк қажеттiлiкке байланысты өзгертiлген жағдайда жұмыс берушi бұл туралы қызметкерге еңбек демалысы басталардан кемiнде екi апта бұрын хабарлауға мiндеттi.
Сұрағыңызға толық жауап алу үшін Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттікке хабарласуыңызға болады.