Елімізде күз және қыс мезгілдерінде қайталануы мүмкін деген шошқа тұмауы жайлы жаңа деректер бар ма? Жалпы, бұл індетті әлемде қанша адам жұқтырыпты?
Шынар ҚҰТЖАНҚЫЗЫ, Қарағанды
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының хабарлауынша, әзірше Қазақстанда тамыз-қыркүйек айларында анықталған 17 адамнан басқа шошқа тұмауының жаңа дерегі тіркелген жоқ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта әлемде 414 945 адам шошқа тұмауынан жапа шегуде. Бүгінге дейін бес мыңға жуық адам осы індеттен көз жұмған көрінеді. А/Н1N1 вирусын ең көп жұқтырған – Америка халқы. Онда аталған дертке шалдыққан 160 мың адам тіркелсе, оның 3539-ы қайтыс болыпты. Одан бөлек, Тынық мұхитының батыс бөлігінде – 455, Азияның оңтүстік-шығысында – 573, Еуропада – 261, Жерорта теңізінің шығысында – 96, Африкада 75 адам осы қауіпті індеттің құрбаны болды.