Әлемде егемендігін ала алмай жүрген елдер көп пе?
Шүкір деп айтайық, Қазақстан дербес ел, тәуелсіз мемлекет. Егеменді ел болғанымызға 23 жылдан асты. Бұл әрине, зор қуаныш. Менің сұрайын дегенім, әлемде егемендігін ала алмай жүрген елдер бар ма?
Марал, Теміртау қаласы
Этнографтардың пайымдауынша, әлемде 3,5 мыңнан аса ұлт бар екен. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қатарында бүгінде 193 мемлекет қана бар. Әрине, БҰҰ құрамына тек Тәуелсіздігі танылған мемлекеттер ғана мүше бола алатыны белгілі. Енді әлемде тәуелсіздігі танылмаған қанша мемлекет барын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Тіпті 50 миллионнан аса халқы бар күрдтер де, 20 миллионнан аса ұйғыр да әлі күнге дейін дербес ел бола алған жоқ. Шотландиялықтар да Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алғысы келеді. Олар тәуелсіздікке қатысты референдумды 2014 жылы өткізуді жоспарлап отыр. Венеция халқының да Италиядан бөлінгісі бар. Бавария Германиядан тәуелсіздік алғысы келетінін ашық жеткізіп жүр. Корнуолл халқы, Джерси аралы Ұлыбританиядан дербестікті аңсаса, Палестина халқы Израильден бөлініп, егеменді ел болғысы келеді. Санамалай берсек, әлемде тәуелсіздігін ала алмай жүрген, азаттықты аңсап, дербестікке қол жеткізе алмай жүрген елдер өте көп.