Александрия кітапханасын мұсылмандар жойған ба?
Газеттеріңіздің кешегі санында «Отырар кітапханасы Александрия кітапханасынан кейінгі ең ірі білім ордасы болған» деп жаздыңыздар. Сондағы Александрия кітапханасы туралы аз-кем мәлімет берсеңіздер. Осы кітапхананы мұсылмандар жойып жіберген дейді. Бұл қаншалықты рас.Айбар КЕМЕЛҰЛЫ, Алматы облысы
Александрия кітапханасы көне дәуірдегі әлемнің ең ірі кітапханасы болған. Бүгінде Батыстың бірқатар тарихшылары «Александрия кітапханасын екінші халифа болған Омардың тікелей нұсқауымен мұсылмандар қиратты» деген аңызды айтып жүр. Дегенмен тарихи деректер мүлде басқа айғақтама ұсынады.
ХХ ғасыр басында Ресейде жарық көрген «Брокгауз бен Ефронның Кіші энциклопедиялық сөздігінде» былай делінген: «Кітапхананың бір бөлігі б.э.д. 48 жылы Юлий Цезарьдің Александрияны қоршауға алған кезінде өртеніп кеткен. Қалған бөлігін 391 жылы христиан табынушылары құртып жіберген».
Ал «Үлкен Совет энциклопедиясында»: «Александрия кітапханасының бір бөлігі б.э.д. 47 жылы Александрия соғысы кезінде жойылды, алайда кейін Пергама кітапханасының қоры есебінен толықтырылып, қайта қалпына келтірілді. 391 жылы І Фердосияның императорлығы уақытында Серапис храмында болған кітапхананың үлкен бөлігі христиан табынушылары шабуылымен тып-типыл етілді», – деп жазады.
Қарап отырсақ, осы және басқа да көптеген көне дерек көздері Александрия кітапханасын «мұсылмандар қиратты» деген мәліметті жоққа шығарады.