- Соңғы жылдары менің ағамның денесін ақтаңдақ, яғни алапес басып барады. Ол неден шығады, одан құтылудың жолы бар ма?
Бексұлтан, Теміртау қаласы
Бұл сұраққа Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты Тері-венерология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Гүлсім АСҚАРОВА жауап береді:
– Алапестен құтылудың жолы жоқ емес, бар. Бірақ оған ұзақ уақыт ем қабылдау қажет. Оны емдейтін заманауи үлгідегі қондырғы ОҚО тері-венерология диспансерінде бар. Әзірге бұл – Қазақстан бойынша жалғыз қондырғы. Оның қазіргі нәтижесі жаман емес. Мен сізге айтайын, адамның ішкі органдары дұрыс жұмыс істемей, тері таза болмайды. Мәселен, біреудің денесінде дақ пайда болса, оны біз түбегейлі зерттейміз. Ондай жағдайда міндетті түрде асқазан, ішек, ұлтабар, өт, бауырын тексеруге терапевтке жібереміз. Аурудың ішкі себебін таппай жатып дақты кетіру мүмкін емес. Сондықтан оның ішкі себебін анықтап, кешенді түрде ем жүргізуіміз қажет. Бірақ кейде кейбір науқастар бізді дұрыс түсінбей, «менің ішкі құрылысым ауырып тұрған жоқ, терімдегі ауруды жазып бер» деп аттандап тұрып алады. Алайда ішкі құрылыс дұрыс жұмыс істемей, емнің шипалы қонуы екіталай. Сондай-ақ әрбір науқас бұл жазылмайтын ауру деп пессимизмге салына бермей, мен осыдан жазылып шығамын деп іштей сеніп, барынша талпынатын болса, ол міндетті түрде ауруынан айығады.