Бізде облыстар мен қала басшыларын әкім дейді. Ал Ресейде мэр деп жатады. Басқа елдерде қалай аталады?
Елдос Жанұзақ, Алматы
«Әкім» деген атау бізде ғана емес, сонымен қатар Қырғызстанда да бар. Көрші елдің облыстары мен қалаларын да әкімдер басқарады. Ал Өзбекстанда жергілікті басшыларды «хоким» дейді. Испан тілінде сөйлейтін Латын Америкасы елдері мен Мексика және Испанияда «алькальд» деп аталады. Сонымен қатар бұл лауазым Болгарияда – кмет, Румыния мен Молдовада – примар, Түркияда – башкан, Польшада қала президенті немесе бурмистр деп аталса, Словакия мен Чехияда үлкен қалалардың басшыларын приматор дейді екен. Ал Чехияның кіші қалаларына жай ғана старосталар жетекшілік етеді. Ресейде қала басшыларын мэр дегенмен, облысқа губернаторлар басшылық жасайды.