Әйгілі Әуезовтің әке-шешесі кім болған?
ХХ ғасырда қазақ атын әлемге Абай арқылы паш еткен заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің әке-шешесі туралы білгім келеді. Ол кісілердің мазары қайда?
Жанар, Атырау қаласы
Омархан және Нұржамал мазары – Бөріліде орналасқан тарихи және сәулет ескерткіші. Омархан (1860-1909) – М.Әуезовтің туған әкесі. Өзі де араб тіліне жетік болған. Абай ауданына қарасты Архат тауының маңында мұсылмандық жолды ұстанған отбасында дүниеге келген. Әйелі Нұржамалды (1866-1912) саудамен жүрген кезде Алматы маңынан әкелген. Оның әкесі Әбсемет Құнанбай ұрпақтарымен жақсы қатынаста болған. Омархан мен Нұржамал мазары Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйінен алыс емес. Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты 8 метрлік күмбезді зират ақ ұлутастан бой түзеді. Мавзолейдің ені – 6,73 метр, ұзындығы – 9,56, биіктігі 4,20 метрді құрайды. Күмбездің жалпы биіктігі – басындағы аймен есептегенде 9,0 метр. Күмбез батысқазақстандық стильде, Маңғыстаудың ақ ұлутасынан салынған.