Айғайқұм алты мемлекетте ғана бар
Алматы облысындағы әйгілі Айғайқұм туралы естігенім болмаса, көрген емеспін. Жол түссе, барып көрсем деймін. Айғайқұм туралы жазсаңыздар екен.
Асқар БЕКОВ, Алматы қаласы
Табиғаттың дара сыйы – Айғайқұм Алматыдан 250 шақырым қашықтықта, әйгiлi Алтынемел ұлттық қорығында орналасқан, Басши ауылының маңында. Ән салып тұратын мұндай құм әлемнің алты елінде ғана бар көрінеді. Алтынемел ұлттық қорығы – кезiнде Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапарында пана болған, Шоқанның өмiрiнiң соңғы жылдары өткен мекен. Айғайқұм – Басши ауылының өзiнен 50 шақырымдай қашықта. Айғайқұм – ұзыннан-ұзақ созылған құм тауы. Биiктiгi 150 метрге жетедi екен. Ал ұзындығы бір шақырымға дейiн созылған. Сусыма құба құм биiгiне шығу оңай емес. Жел тұрса, құм ызың-ызың, күбiр-күбiр ән салады. Айғайқұм кез келген уақытта ән сала бермейді. Шілде айында күн қатты ысығанда құмның қозғалысынан шығатын дыбыс күншілік жерден естіледі екен.