Аяқкиіміңіз қажаса...
Қара базардан немесе фирмалық дүкеннен сатып алсам да, кез келген жаңа аяқкиім біразға дейін аяғымды қажап ауыртады. Таныстарым сауда орындарында былғарыны жұмсартып, кеңейтетін спрейлер сатылады деген соң, алып көріп едім, еш көмегі болмады. Аяқкиім қажамауы үшін не істеген дұрыс?
Дана НҰРБЕКОВА, Қарағанды қаласы
Әлбетте, уақыттың тығыздығына байланысты сауда орындарындағы өнімдердің тек өлшемін алғаныңыз болмаса, оның сатып алғаннан кейін қандай қолайсыздықтар әкелетінін анықтап білу мүмкін емес. Аяқкиімдердің аяқты қажауының алуан себептері болатыны сияқты олардан арылудың да түрлі амал-тәсілдері бар. Төменде үй жағдайында қолдануға болатын әдістерді ұсынып отырмыз. Былғары аяқкиімнің қажайтын тұсына спирт жағып, 10-15 минут киіп жүрсе, ол созылып, қажайтын тұсы біршама кеңейеді. Үйіңізде спирт болмаған жағдайда, оның орнына суланған сабын немесе балауызды пайдалануға болады. Аяққа ауырлық әкелетін ыңғайсыз жағдайдан сірке суы да құтқаратын көрінеді. Ол үшін аяқкиіміңізге дәке болмаса орамалмен сірке суын жағып, таң атқанға дейін қалдыруыңыз қажет.