Қазақ тарихындағы аға сұлтандардың қызметі қандай болған? Кімдер аға сұлтан болды?
Дархан ҚАЙЫРБЕК, Алматы
Аға cұлтан — хандық институтты жойғаннан кейін Ресей үкіметінің қазақ даласын отарлауды одан әрі тереңдету мақсатымен құрған әкімшілік-территориялық округті басқарушының лауазымы. Алғашында хан-төрелердің тұқымы сайланған. Кейіннен хан тұқымдарының ықпалын әлсірету үшін «Аға сұлтандарды сайлау хақындағы» жаңа ережелер жасалып, айрықша қабілетімен танылған «қараларды» да сайлауға рұқсат берілді. 20 болыстық округті басқаратын аға сұлтандар үш жылға сайланды. Алғашқы ашылған (1824) Қарқаралы округінің (бұрынғы Бөкей хан иелігі) аға сұлтаны – Тұрсын Шыңғысұлы, Көкшетау округінің (бұрынғы Уәлихан иелігі) аға сұлтаны Ғұбайдолла (Абайділда) Уәлиханұлы болды. Шыңғыс Уәлиханұлы (Құсмұрын), Тезек төре (Ұлы жүз), Ерден Сандыбаев (Атбасар), Бексұлтан Ағадаев (Аягөз), Әділ Бөкейханұлы (Кіші жүз), Шалғынбай Бірәліұлы (Қарқаралы), Мұса Шорманұлы (Баянауыл) сияқты т.б. белгілі аға сұлтандар шықты. Аға сұлтанның басты міндеттері: Ресей билігін жүзеге асыру, алым-салық жинату, сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бүлікшілерді басу т.б. Үш жылдан кейін ақсүйек аға сұлтанға Ресей армиясының майоры шені және дворяндық атақ берілді. Қарадан шыққандары кіші офицерлік хорунжий шенімен шектелді (мысалы, Құнанбай Өскенбайұлы). Аға сұлтанның жылдық жалақысы 380 сом мөлшерінде белгіленді. Оларды халық дәстүрімен ақ киізге отырғызып көтерді. Отаршылдық билікті одан әрі күшейту мақсатындағы І Николай патшаның жаңа реформасына (19.05.1854) сай округ тарап, аға сұлтан лауазымы жойылды.
Аға сұлтандар кімдер болған?
Последние статьи автора