Әдебиет және өнер институты қашан ашылған?
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі Алматыдағы Әдебиет және өнер институтына қай кезде берілген? Оның ішкі ғылыми құрылымы қандай?
Жанар ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ, Қостанай қаласы
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1934 жылы ашылып, тарих, археология, тіл, әдебиет және фольклор, бейнелеу, музыка, театр, хореография өнерін зерттеумен айналысқан Қазақтың Ұлттық мәдени ғылыми-зерттеу институтынан бастау алады.
1936 жылы КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалының қазақ тілі мен әдебиеті және халық шығармашылығы секторы болып құрылды. 1941 жылдан бастап бұл сектор Тарих, тіл және әдебиет институты құрамына еніп, 1945 жылы Тіл және әдебиет институты болып қайта құрылды. 1961 жылы мамыр айында осы институт негізінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты болып жеке бөлініп шықты. Сол жылдың тамыз айында институтқа ұлы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.
Институтта әдебиеттану, фольклортану және өнертану салалары бойынша ғылыми кадрлар дайындайтын докторантура мен аспирантура жұмыс істейді.
Әдебиет пен өнердің қазаны саналатын институт қазір “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан қыруар шаруалардың бел ортасында тұр. Атап айтсақ, 10 томдық “Қазақ әдебиеті тарихын” жазып, 5 томдық “Қазақ музыкасының антологиясы” мен 100 томдық “Бабалар сөзі” қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің жинағын кұрастыру жұмысын атқаруда. Бүгінде ғаламторда институттың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсететін арнайы сайты бар. Сондай-ақ тіл білімі мен өнертану ғылымдарының диссертациялық кеңесі осы институт қабырғасында жұмыс істейді.