Жақында Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Адасқан жұлдыздар» атты жаңа қойылымның тұсауы кесіліпті.
Нұрғаным САРДАРБЕКҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Ел театрларының бүгінгі репертуарына көз жүгіртсек, олардың көбінесе өткен шақ оқиғаларына құрылатынын байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, жазушы Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыздар» атты бұл драмасы нағыз заманауи қойылым болды. Өйткені мұнда тура бүгінгі күннің ахуалы беріліп, жұртшылықтың дәл осы мезеттегі мұң-мұқтажы, арман-ойы сипатталған. Спектакльге кезекті қойылымдардың бірінде қайыршы рөлін ойнағаннан кейін өмірі күрт өзгерген театр актерінің тағдыры арқау етілген. Өмір шындығымен бетпе-бет келіп, әділетсіздікке жаны күйген бас кейіпкер ақырында театрды тастап, өмірдегі өз рөлін ойнау туралы тоқтамға келеді. Мұндағы басты рөлдерді Ербол Садырбаев (режиссер), Әсет Иманғалиев (актер), Қадырғазы Қуандықов (егде жастағы актер), Сәния Ерзатқызы (келіншек) сияқты басқа да талантты әртістер ойнап шықты.
Өнер иелерінің баспанаға мұқтаждығы мәселесі өзекті тұрғыда көрініс тапқандықтан, актерлер өз-өздерін ойнаған. Себебі қоюшы режиссердің айтуынша, қазірде өнерде жүрген жастардың 70 пайызы пәтерге қол жеткізе алмауда. «Бұл – біздің театрдың ішкі проблемасы, сахнадан тыс өмірі. Осындай тұрмыстық мәселелер салдарынан өнер адамының қаншама жүйкесі тозады, қаншама энергиясы кетеді! Спектакльдің спектакль болып шығуына да оның осындай шынайы жайттарға негізделуі себепкер болды», – дейді қоюшы-режиссер Балтабай Сейітмамытұлы. «Менің актер болғым келмейді» деген сөздермен аяқталатын «Адасқан жұлдыздардың» көрерменді көп ойға жетелейтіні анық.