Абель сыйлығы кімдерге беріледі?
Ғылым, саясат пен әдебиеттегі сенсациялық жетістіктер үшін Нобель сыйлығы берілетінін білеміз. Ал Абель сыйлығы деген не?
Арман ДОСМАҒАНБЕТОВ, Ақтөбе қаласы
Абель – 2003 жылдан бері математика саласы бойынша қазіргі заманның көрнекті ғалымдарына берілетін сыйлық. Халықаралық сыйлық тоғыз жыл бұрын әйгілі норвег математигі Нильс Хенрик Абельдің құрметіне орай тағайындалды. Бұл сыйлық материалдық жағынан шытырман есеп шеберлеріне берілмейтін Нобельдің орнын толтырады. Өйткені оның сыйақы мөлшері Нобель сыйлығы құнымен пара-пар, яғни 1 млн АҚШ долларына жуық. Осы кезге дейін Абель сыйлығын сегіз адам иеленді. Олардың арасында қазақстандықтар жоқ. Айта кетейік, математиктерге 1924 жылдан бері Филдс сыйлығы да беріледі. Ол алгебралық функциялар ілімінің негізін қалаушы канадалық ғалым Джон Чарльз Филдстің құрметіне орай белгіленген.