Абайдың Ақылбайдан тараған ұрпағы бар ма?
Абай атамыздың тұңғышы Ақылбайдан ұрпақ қалды ма? Олардан өнерге жақыны қайсы?
Ералы ШЫҢҒЫС, Аягөз
Абайдан қалған ер ұрпақ та осы Ақылбайдан тараған. Ақылбайдың Әлімқұл (1879-1914), Әубәкір (1881-1934), Исраил (1895-1959) дейтін үш ұлы болса, солардың ел тоқтаған кісіліктісі Әлімқұл екен. Әлімқұлдың болыс кандидаты болғаны, жүйрік аттар ұстағаны айтылады. Әлімқұлдан – Бағыфур, одан – Эрнест, Бауэр, Айдар. Айдардан – Данияр. Исраил скрипка, домбыраға шебер музыкант болған. Өз әкесі Ақылбай мен Мұқалардан естіп-үйренген қырыққа тарта қазақ, орыс күйлерін орындайтын. Олардың ішінде «Ала байрақ», «Бұлаң жігіт», «Кертолғау», «Балбырауын», «Саймақтың сары өзені», «Азамат қожа», «Бес төре» сынды қазақтың халық күйлері бар. Абай әндері, орыс музыкасынан «Тоска по родине», «Осенняя мечта» деп өз естуінше атап тартатын күйлерден басқа, аттары есінде жоқ талай ән-күй орындайтын. Исраилдың артында қыздары бар.