Абай мен Михаэлисті табыстырған – Толстой
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен белгілі орыс зиялысы Евгений Петрович Михаэлистің арасында ұлы достық неден басталған? Олар қайда танысқан?
Мәдина ЕРМЕКҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Семей қаласының орталығынан 1883 жылы тұңғыш жаңа кітапхана ашылады. Оның ашылуына Е.П.Михаэлис, А.А.Лентьев, Н.И.Долгополов, П.Д.Лобановский, Северин, С.С.Гросс тәрізді саяси жер аударылғандар мұрындық болған.
Абай осы кітапхананың тұрақты оқырманы болған. Михаэлис пен Абай ең алғаш осы кітапханада кездескен. Ұлы ақын кітапханаға келіп, Л.Н.Толстойдың бір шығармасын сұрайды. Ол кітап Е.Михаэлистің қолында болған. Абайдың сұрағанын көріп, өткізуге кезекте тұрған Михаэлис қолындағы кітабын ақынға береді. Екі ойшылдың осы кездесуі таныстыққа, кейін келе ұлы достыққа жалғасады. Осыдан бастап Абай Михаэлистің ұсынысымен көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғылымдары, әр алуан тарихтық кітаптарды таңдап, талғап, жоспармен оқитын болған. Абайдың орыстың Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Некрасов, Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов сынды атақты ақын-жазушылары мен сыншы, ойшылдарының шығармаларын оқуында да Михаэлистің ықпалы бар. Олар әлемдік әдебиет жайында да пікірлесіп тұрған. Ұлы ақынның «Менің көзімді дүниеге ашқан – Михаэлис» деп асыра мақтауы да сол ұлы достық сезімінің жемісі.