Абай мен Михаэлис қалай танысқан?
Абай неге Михаэлисті қастер тұтқан? Жалпы, орыс оқымыстылары мен Абайдың достығынан қандай істер жүзеге асты?
Мұхтар ӘБДІРАХМАН, Тараз қаласы
Кейде шырғалаңы мол болса да тарихи тағдырымыздың бізге екінші жағынан, көп нәрсе сыйлағанын аңғарамыз. Сол мысалды тіпті жер аудару сынды тұлғаларды өз елі мен жерінен қуғындаудан да көруге болады. Мысалы, Семей жерінде алғаш ашылған кітапхананың өмірге келуі, сол кездегі Ресейден саяси жер аударылған ағартушы, ғалымдар Е.А.Михаэлис, Лобановский, Долгополов, Филиповтардың да арқасында деуге болады.
Бұл туралы www.abay.nabrk.kz сайтында былай делінеді: Е.А.Михаэлис бастаған саяси жер аударылғандардың күшімен кітапхана 1883 жылы күзде ресми түрде облыстық санақ комитеті үйінде ашылды. Тура сол кездерде кітапхананың ең алғашқы оқырмандарының бірі Абай болатын. Кітапханаға келіп жүріп Абай Е. Михаэлиспен кездеседі. «Менің көзімді дүниеге ашқан Михаэлис» – деп Абай оны ерекше құрметтеген. Ол кітапхана ісіне атсалыса жүріп, өзі де кітаптар алып, білімін көтерген. Бұл туралы Ә. Жиреншин 1961 жылы шыққан ақынның толық жинағына жазған алғы сөзінде былай дейді: «1886 жылы орыстың Батыс Сібіріндегі географиялық қоғамының Семейдегі бір бөлімшесіне досы Михаэлистің ұсынуымен Абай мүше болып сайланды. Қоғамның ғылым қайраткерлеріне тарих, этнография, қазақтардың әдет-ғұрпы, салт-санасы, әдепкі правосы жөнінде Абай үнемі кеңес беріп, ақылгөйі болады. Мысалы, Абайдың ақылымен Маковецкий қазақтың әдет-ғұрпы, әлеуметтік дағдылы правосын жинап кітап қып жазды».