Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездескен бе?
Өз заманының асқан ғұламалары, ойшыл ақындары Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездесіпті деп естіген едім. Сол рас па?
Сабырхан САҒЫНДЫҚҰЛЫ, Павлодар облысы
«Тіліміздің жаңа көркемдік деңгейге жетуіне Абай Құнанбайұлы мен Мәшһүр Жүсіп елеулі үлес қосты. МәшҺүр Жүсіп әйгілі Абайдың да үлгілі сөздерін қағазға түсіргенін есте ұстаған жөн», – дейді мәшһүртанушы Әсет Пазылов. Бұл сөзден біз Абай мен Мәшһүр Жүсіп арасындағы шығармашылық байланысты аңғарамыз. Ел аузында Мәшһүр Жүсіптің Абай ауылына баруы әңгімеленеді. Соның алдында ғана «мен Мәшһүр Жүсіппін» деп, ғұламаның атын жамылып, Абайдың үйіне түскен бір ауылдың қуы оны алдап-соғып кетсе керек. Соған аузы күйген Абай Мәшһүр Жүсіпке үш сауал қойыпты. «Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?» деп сұрапты. Мәшһүр Жүсіп «Құдай – жүректе, ал жұмақ – оң босағада, тозақ – сол босағада. Әйелің жақсы болса, өз үйің – жұмақ, жаман болса – тозақ» деп жауап беріпті. Абай «Сайтан деген кім?» десе, «Осыны сұрап тұрған – сен сайтан» деп, Мәшһүр Жүсіп ренжіген сыңаймен бұрылып кетіп бара жатқанда, «Сен нағыз Мәшһүрдің өзі екенсің!» деп ақын орнынан атып тұрып, әулиені қапсыра құшақтай алған көрінеді. Абай мен Жүсіп арасындағы кездесуде айтылған тағылымды сөздер болашақ ұрпаққа айнымас өсиет-үлгі болып қалары анық.