25 пайыздық үстеме ақы төлене ме?
Мен аудандық мұражайда қызмет атқарамын. Ауылдық жерде қызмет атқарғасын бізге 25% қосымша қаражат төленеді. Осы орайда, менің білгім келгені, сауықтыру ақысын төленгенде 25 пайыздық үстеме ақы қоса беріле ме?
Мағрипа, Шығыс Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 239-бабына сәйкес мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi. Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi. Кодекстің 1-бабында азаматтық қызметшi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қазыналық кәсiпорындарда, мемлекеттiк мекемелерде ақылы штаттық лауазымда iстейтiн және олардың мiндеттерi мен функцияларын iске асыру және мемлекеттiк органдарға техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыру мен олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкiлеттiліктердi жүзеге асыратын адам деп белгіленген. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі № 850 қаулысымен бекітілген. Қаулыға сәйкес азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі уақыт бойынша немесе кесімді еңбекақы төлеу жүйесі болып табылады деп белгіленген. Осыған орай, сауықтыруға арналған жәрдемақы белгіленген лауазымдық жалақысы (еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы мен үстемеақыларды есептемегенде) мөлшерінде төленеді. Бұл ретте, аталған жәрдемақы азаматтық қызметшілерге ауылдық жерде жұмыс істегені үшін жоғарылатылған лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді.