ТЖ режимі кезінде 1414 Call-орталығы азаматтардан келіп түскен 7 млн астам қоңырауға жауап берді. Рекордтық көрсеткіш 3 сәуірде болды, бұл күні 815 039 рет қоңырау соғылған.
Азаматтар көбінесе eGov арқылы "42500" әлеуметтік төлемақы алуға өтінім беру, ЭЦҚ алу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, автокөлікті қайта тіркеу, сондай-ақ бала тууға байланысты берілетін жәрдемақыларды алу мәселелері бойынша хабарласады.
Осы орайда, 1414 Call-орталығына азаматтардан ең жиі қойылатын сұрақтардың ТОП-5-тігіне жауап ұсынамыз:
- "42500" жәрдемақыны алуға берілген өтінімнің мәртебесін қалай тексеруге болады?
- Өтінімнің байланыстың қай арнасы (eGov.kz порталы, телеграм-бот, 42500.enbek.kz сайты) арқылы берілгеніне қарамастан, оның мәртебесін "Электрондық үкімет" порталынан тексеруге болады. Ол үшін порталда авторланған соң, басты беттегі "Сервистер" бөлімінде "42500 төлем мәртебесін тексеру "батырмасын басу керек. Жүйе ЖСН бойынша өтінімнің мәртебесін автоматты түрде көрсетеді. Сондай-ақ, өтінім мәртебесін 42500.enbek.kz сайтынан тексеруге болады
Ал, әлеуметтік төлемнің не себепті тағайындалмағанын білу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 42500@enbek.kz мекенжайындағы электондық поштасына хат жолдау қажет.
- Заңды тұлғалар үшін ЭЦҚ-ны онлайн қалай ала алады?
- Заңды тұлғаға ЭЦҚ қашықтан алу үшін egov.kz порталының басты бетінде орналасқан "ЭЦҚ қашықтан алу" сервисін таңдау және қызметке тапсырыс беру қажет. Осы қызметті алуға өтінімді ұйымның бірінші басшысымен қатар, ұйым қызметкерлері де бере алады (қызметкердің заңды тұлғаның атынан ЭЦҚ алуы үшін заңды тұлғаның бірінші басшысы өтінімді www.pki.gov.kz жеке кабинетінде растауы тиіс). Ол үшін олар заңды тұлғаның БСН-ін енгізуі, өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасы, веб-камерасы бар дербес компьютері мен ұялы телефоны болуы қажет. Сонымен қатар, дербес компьютерінде NCALayer программалық жасақтамасы орнатылған болуы тиіс.
- Мамандандырылған ХҚКО уақытша жұмыс істемеуікезінде автокөлікті қалай қайта рәсімдеуге болады?
- Автомобильді eGov порталында онлайн тіркеуге болады. Ол үшін автокөлікті сатушы ЭЦҚ арқылы порталда авторланып, "Көлік және коммуникация" бөліміне өтуі тиіс. Сол жерде өзіне қажетті қызметті таңдайды. Сатып алушы жаңа техқұжат пен автомобильдің мемлекеттік нөмірін мамандандырылған ХҚКО-дан алып кете алады. Қазір мамандырылған ХҚКО тек дайын құжаттарды беру үшін жұмыс істеп жатыр.
- Карантин кезінде жүргізуші куәлігін қалай ауыстыруға болады?
- Мерзімі аяқталуға жақын жүргізуші куәлігін "Электрондық үкімет" порталында, сондай-ақ eGovmobile мобильдік қосымшасы арқылы ауыстыруға болады. Жүргізуші куәлігін ауыстыруға өтінімді толтыру кезінде азамат фотосуреті мен қойылған қолының үлгісінің суретін бекітіп,мемлекеттік баж төлемін төлеп, өтінімге өзінің ЭЦҚ-мен қол қояды. Дайын болған құжатты өзі тұрып жатқан өңірдегі мамандандырылған ХҚКО-нан ала алады.Қазір мамандырылған ХҚКО тек дайын құжаттарды беру үшін жұмыс істеп жатыр.
- Бала туғанда және бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны алуға қалай өтініш беруге болады?
- Ол үшін eGov порталындағы"Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау"қызметін таңдау керек. Өтінім беруші порталға авторлану арқылы кіріп, өтінімді толтыруы және оған өзінің ЭЦҚ-мен қол қоюы қажет. Өтінімде өтініш берушінің атына "Қазпошта" АҚ-да немесе "Халық банкі" АҚ-да ашылған жеке шоттың (IBAN) нөмірін көрсетуі қажет. Бала туғанда берілетін жәрдемақының тағайындалғаны (тағайындаудан бас тартылғаны) туралы Жеке кабинеттен ("Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде) білуге болады.
1414 нөмірі арқылы бір уақытта мыңдаған адамға кеңес беру мүмкіндігін ұсыну үшін бұл жұмысқа ХҚКО-ның 2000-нан астам қызметкері қосылды, байланыс арналарының өткізу қабілеті мен телефония өнімділігі кеңейтілді. Осымен бірге ХҚКО-ның 1000-ға жуық қызметкері видеобайланыс арқылы азаматтарға кеңес берумен, сондай-ақ Мобильді азаматтар базасында тіркеумен және ЭЦҚ-ны онлайн-ресімдеу үшін азаматтардың жеке басын сәйкестендірумен айналысады.