Нәзира Байырбек:"АМЕРИКАДА алған “МӘДЕНИ ШОК"
АМЕРИКАДА алған “МӘДЕНИ ШОК”
⠀
Кез келген жаңа ортаға, әсіресе бөтен елге барғанда “мәдени шок” аласыз.
⠀
Ол барған жеріңіздің тамағын ұнатпау, сондағы адамдардың қылығын, мінезін жатырқау, жалғызсырап, елді сағыну, т.б болып білінуі мүмкін.
⠀
Америкада бірнеше жыл тұруға әбден дайындалып келсем де, мен де сол “мәдени шокты” басымнан өткіздім.
⠀
Ең алдымен, түскен хостеліміздің иісі ұнамады.Кейін байқадым, ол иіс көп жерде бар екен. Әсіресе, киім сататын дүкендерде. Кірсем, жүрегім айнып шығып кетуші едім. (Үлкен сауда орындарында олай емес, әрине.)
⠀
Сосын тамағының дәмі ұнамады. Наны, еті, күріші - бәрі. Сәбіздің шырынын ішкенді жақсы көруші ем, бірақ мұнда сәбізден химикаттың иісі, дәмі шығады. Кейбір наннан да.
⠀
Көше әр түрлі адам болған соң қара-ала болып көрінеді. Кейде тіпті айналаң қап-қара болып, түнеріп тұрғандай болады. Өзіңе ыстық елді сағына түсесің.
⠀
Ығы-жығы адам көп. Психологиялық ауруға ұшырағандарды жиі көресің. Көз алдыңда құжынаған адам, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан қозғалыс. Бәрі жат. Бәрі оғаш. Жалғызсырайсың.
⠀
Көше толы қоқыс. Нью-йоркте бәрі қоқысты қап-қара пакеттерге салып, шығарып қояды. Шашылып жататыны бар. Халық көп. Қоқыс та көп шығады. Ол тіпті “шок” қылады.
⠀
Тағы да иіс. Шөп шегетіндер көп. Жаныңнан өткенде иісі бұрқ ете қалады. Кейде көшеде иіс мүңкіп тұрады.
⠀
Өз тіліңде сөйлеп, емін-жарқын жүрген адамдарды, өз қоғамыңды аңсайсың.
⠀
Бұған қол ұстасқан “біртүрлі” ғашықтар, “біртүрлі” киінген, айғайлап сөйлеген, көшеде билеген, т.б. жағдайларды қосыңыз. Олар үшін қалыпты нәрсе сізге “біртүрлі” боп көрінеді.
⠀
“Мәдени шок” кезінде сізге тек жағымсыз нәрселер көрінеді.
Сондықтан, Американы жақсы көрсеңіз, ақылмен жақсы көріңіз!
⠀
Америка - адамның қиялы мен еркіндігіне шек қоймаған ел. Кейбір жаман әдеттер (шөп шегу, метрода, автобуста жастардың шулап, билеп отыра беретіні) сол шексіз еркіндік пен дамудың “побочный эффектісі”.
⠀
Әйтпесе, Америка - оқимын, табысты болам деген адамға нағыз арманын жүзеге асыратын жер.
⠀
Айтпақшы, жаңағы “мәдени шок” та ұзаса екі-үш айға созылады.
Бәріне үйренесіз. Мәдени шок кетеді.
Бірақ ауылыңыздың тағамының дәміне деген аңсар кетпейді.