Айдана Меденова не үшін орамал таққанын түсіндірді
Отандық шоу-бизнестің тағы бір өкілі, танымал әнші Айдана Меденова орамал тағып, 4 жылдан бері намаз оқитынын жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Қазіргі кезде Меккеде қажылықта жүрген өнер жұлдызы Instagram парақшасында өмірінде болып жатқан өзгерістерді бөлісті.
Иә, мен басыма орамал тақтым. Бұл шешімімді түсінбей жатқандар да бар. Әрине бұл да қалыпты нәрсе. Мүмкін кейбір адамдар "Айдана бір күнде оранып шыға келді, асығыс шешім жасады" дейтін шығар. Бірақ бұл аяқ астынан жасалған шешім емес, — деп жазды әнші.
Оның айтуынша, ол мұндай шешімге ұзақ жылдар бойы дайындалған.
Менің 4 жылдан бері бес уақыт намаз оқитынымды көпшілік біле бермейді. Аллаға шын сыйынсаң, намаздан кейінгі қадамға да бағыттап отырады екен. Алла маған шындықтың есігін ашты. Мен енді оны жоғалтып алмауға барымды саламын, — дейді Айдана.
Дегенмен әншінің постына пікірлер жазушылар мұндай жаңалықты күтпеген сияқты, себебі көбі оның бұл қадамын сынап жатыр.
"Адасып жүрген қазақтар", "Неге біздің танымал адамдар бірінен кейін бірі орамал тағып, хиджаб киіп жатыр?", "Әртістердің арасында біреу идеология таратып жүрген сияқты", "Шоу-бизнестің бәрі оранып кетті ғой, әйтпесе кеше ғана жыртыңдап жүрді".