Инновация игілігі

Бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық саласында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел.
Елбасының биылғы Жолдауында ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарлар ұсынылған еді. Ал Қазақстанның Үшінші жаңғыруы еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсуі тиіс. Яғни, сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән берілуі керек. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек. Мұны біз қазіргі жағдайдан да анық көріп отырмыз. Жолдаудағы негізгі басымдықтардың бірі – адами капиталдың сапасын жақсарту. Негізгі мақсат – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігі басты назарда болып, сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігі назарға алынған. Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары, білім беру саласындағы жұмыстың басымдықтары мен әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту, ғылым мен бизнестің кооперациясы секілді көптеген маңызды құндылықтарды қамтиды. Осы орайда білім, ғылым және инновация салаларында жаңа бағыттар бойынша ізденістердің жүзеге асып келе жатқанын айтқан жөн. Қазіргі уақытта тікелей назарда тұратын аса маңызды мәселелердің бірі еліміздің инновациялық тұрғыдан дамуы болып табылады. Бұл – барлық салада жаңашылдық енгізу, үздіксіз жаңғырту, жаңаша бастау деген сөз. Биыл Елбасының бастамасы бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылуда. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажеттігі қадап айтылды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында жобаларды заманауи кадрлармен қамтамасыз ету инновациялық сипаттағы білім беру бағдарламалары есебінен жүзеге асырылатын болады, ал оқудың өзі жаңа зертханалық жабдықтармен жүргізілмек. Екі ұлттық инновациялық кластердің – Астанадағы «Назарбаев Университет» пен Алматыдағы Инновациялық технологиялар паркін одан әрі дамыту жалғасады, оларда қажетті инновациялық экожүйе жасалуда. Мысалы, «Назарбаев Университеттің» инновациялық кластерін дамыту аясында қазірдің өзінде қажетті ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы жасалды және оған ғылымның түрлі саласынан 350 шетелдік ғалым тартылды. «Астана бизнес кампус» ғылыми саябағы аумағына әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялық компанияларды тарту мақсатында 90-нан астам компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, алтауымен меморандумдарға қол қойылған. Корпоративтік R&D орталықтарын орналастыру, шағын және орта бизнестің жоғары технологиялық нысандары, стартаптары; инновациялық экожүйесін құру жоспарлануда. Онда сондай-ақ «ғылыми-зерттеулердің нәтижесін коммерцияландыру туралы» Заң әзірленетін болады және индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы қажеттіліктеріне ғылыми гранттар мен бағдарламалар құрылымын қайта бағдарлауды өткізеді. Жоғары оқу орындарының ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жөніндегі стратегиялық бағытына оң баға беріп, әртүрлі салалық білім мен ғылымның интеграциялануына қатысты бірқатар нақты тапсырмалардың берілуі құптарлық жағдай. Ең бастысы, инновациялық-индустриялық бағыттағы атқарылып жатқан істерді жалғастыра беруіміз керек. Өйткені, кез келген мемлекеттің экономикасына индустрияландыру қуат бітіреді. Әрине, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі сияқты басқа салалардың рөлін ешкім жоққа шығармайды. Әйтсе де, ешбір сала индустрия саласы сияқты елдің экономикасының өсуіне елеулі ықпал ете алмайды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында индустрияландыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті инновациялық тұрғысында дамытуға айрықша тоқталып отырғаны да сондықтан.
Әбдіжапар САПАРБАЕВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор





