"Барыс" хоккей клубының жұдырығы жуан "жас перісі" Дамир Рысбаев кеше "Сибирь" клубының еңгерзедей қорғаушысы Виталий Меньшиковпен екінші рет төбелесті, деп жазады "Алаш айнасы".
Дамирдің ұстанымы
Бірден айтайық, Дамир ешкімге себепсіз, бостан-бос соқтықпайды. Оны өзі де БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында айтып жүр. Негізінен, "Барыс" клубындағы командалас серіктеріне тиісіп, соларға күш көрсетпек болған бұзықтарды сабасына түсіру үшін ғана төбелеседі.
Рас, Қазанда "Ак-Барстың" капитаны, өзінен 13 жас үлкен, өзінен 20 келі ауыр Александр Свитовтің жағасына жармасқан. Онда да, бас бапкерінің нұсқауымен секілді. Бұл төбелес "Ак-Барстың" аптығын басып, жас Дамирдің атын шығару үшін керек болған да сияқты. Нақты себебін "Барыстың" бас бапкері Андрей Назаров қана біледі...
Жоғарыда айттық қой, Дамир Рысбаев себепсіз ешкімге тиіспейді. Ол біздің хоккейшілерге қоқан-лоқы, доқ көрсетпек болған бұзықтарды ғана жекпе-жекке шақырады. Қорықпай, төбелеске шыққандарымен айқасады.
Алайда "Металлург" (Магнитогорск) клубының шабуылшысы Оскар Осала сияқты Дамирден мұзайдынды шыр айнала қашқандар да болған. Дамир оны жекпе-жекке шақырғанында, еңгерзедей финн хоккейшісі (бойы – 194 см, салмағы – 106 келі) кілт бұрылып, алды-артына қарамай зытқан.
Рысбаев пен Меньшиков: Бірінші төбелес
Дамир 13 ақпан күні Новосибирскіде "Сибирь" клубының қорғаушысы Виталий Меньшиковпен төбелесті. Себебі, қоңыр күзде (10 қазан күні) "Сибирь" Астанада "Барыспен" ойнағанда, олардың екі қорғаушысы Талғат Жайлауовқа қол жұмсаған болатын.
Әуелі тығыршықтай Максим Игнатович (бойы – 193 см, салмағы – 93 келі) Талғатты төпелей жөнеліп, араға Кевин Даллмэн килігіп, бар соққыны өзі қабылдаған. Сол сәтте Виталий Меньшиков та ентелеп, Даллмэнге біраз жұдырық жұмсаған.
Ал осы айдың ортасында "Сибирь" мен "Барыс" түзде ойнағанда, Меньшиков отқа май құя түсті. Бірінші кезеңде екі команданың хоккейшілері қақтығысып қалып, Меньшиков біздің Николай Антропов пен Роман Старченкоға қол жұмсады. Қазақстан хоккейінде беделі зор Антроповты ту сыртынан келіп ұрды...
Осылай біздің хоккейшілерге "қырғидай тиген", тым асқындап кеткен Меньшиковті ойын аяғына қарай Дамир Рысбаев жекпе-жекке шақырып, екеуі төбелесті.
Екеуі ұзақ жұдырықтасты. Дамир қарсыласының басындағы дулығасын соққылап жүріп, ұшырып жіберді. Сөйтіп, жалаңбас Меньшиковтің бет-ауызын қан қылды.
Ресей журналистері "домалақ" арыз жазды
Осы төбелестен кейін таяқ жеген Меньшиковке жаны ашыған Ресей журналистері наразылықтарын ақтарып-төге бастады. Әуелі "Сибирь" – "Барыс" кездесуінен кейінгі бас бапкерлердің баспасөз жиынында бір журналист "Дамир неге дулығасыз төбеседі" деп, Назаровқа дүрсе қоя берді.
Назаров оған мұның төбелес екендігін, ал төбелес барысында кім қарсыласының дулығасын сыпырып тастай алады, соның соққылары өтімді болатындығын айтып түсіндірді. Яғни екеуінің де төбелесті дулығамен бастағандығын меңзеді.
Осыдан кейін «Советский спорт» газетінде "ҚХЛ қашанғы Рысбаевтың қанды ойнағына төзеді" деген мағынада бір мақала жарық көрді. Онда мақала авторы Рысбаевтың дулығасыз төбелескендігіне наразылық білдіріп, ішіндегі ащы запыранға айналған өкпе-назын ақтарып салған...
Автордың пікірінше, хоккейшілердің бірі дулығасыз қалса, төрешілер оларды бірден айырып алулары керек екен.
Осылай, 2013 жылы қазан айында "Барыстың" канадалық тафгайы Джошуа Грэттон "Ак Барс" сапындағы А.Свитовпен төбелескенде үнсіз қалған Ресей журналистері "тафгайлар кодексі" деген түсінікті естеріне түсіре бастады.
Осы ретте, естеріңізге сала кетейік, Грэттон Свитовпен төбелескенде, басындағы дулығысын лақтырып тастап, қолғаптарын шеше бастағанда, оны Свитов бар пәрменімен ұрып жіберген болатын. Есеңгіретіп қалған Грэттон оған да қарамай төбелесенімен, басында дулығасы бар Свитовты құлата алмай, таяқ жеп қалған. Бетін қан жауып кеткен болатын...
Рысбаевтың жауабы
Ресей журналистерінің Рысбаев жайлы пікірталастары әбден қызған кезде отандық sports.kz порталы жас хоккейшімізден сұхбат алып, "буын бұрқыратып" жариялай қойды.
Онда Дамир "иә, жазуды қатырып жатыр ғой, бірақ оларға да жағдайға дұрыс қарау керек", – деп, тұщымды сөз айтқан еді. Әрі Меньшиковтің біздің хоккейшіміздің ту сыртынан қол жұмсап, басынан ұрып жібергенін де айтқан болатын.
Сондай-ақ "дулығасын тас қылып байлап немесе желімдеп алады дегендері – олардың ойлап тауып жүрген болжамдары", – деген болатын. Өзінің дулығасы елдікіндей, ешқандай ерекшелігі жоқ екендігін де тілге тиек еткен.
Одан әрі:– Егер олар менің дулығамды ұрып, ұшырып жібере алмаса, не істейін? Ал мен, бірінші кезекте, қарсыласымның дулығасын шешіп тастауға тырысамын. Содан соң басынан ұрып, құлатуға талпынамын. Ал ол менің дулығамнан ғана ұрса, ол – оның өзінің жеке басының мәселесі, – деп ағынан жарылған-ды.
Рысбаев пен Меньшиков: Екінші төбелес
22 ақпан күні Астанада "Барыс" пен "Сибирь" тағы кездесті. Осы ойын басталған бетте, Виталий Меньшиков мұзайдынға алғаш рет шықан бетте, яғни матчтың екінші минуты басталғанда, Дамир оны тағы да жекпе-жекке шақырды. Әрине, шайба ортаға тасталып, ойын басталған соң...
Неге ойынның басында дейсіз ғой? Өйткені, Меньшиков "Дамир мені төбелеске ойын аяғында шақырды, мен әбден тер төгіп шаршаңқырап қалған болатынмын, ал ол қосалқы құрам орындығында дем алып отырды", – деп пәле шығарудан тайынбайды. Әрі мұндай сөздерді кейбіреулер айтып та жүргендей...
Сонымен төбелес басталды. Бұл жолы екеуі өзара келісіп, бас киімдерін шешіп тастады. Яғни бәрі де – "тафгайлар кодексіне" сай.
Дамир қарсыласын бір қолымен жейдесінен ұстап алып төбелесуге бейімделген сияқты. Сондықтан оны ұстап алуға тырысты. Ал Меньшиков ара-қашықтықты ұстап отырып, жұдырық жұмсауға тырысты. Сілтеген соққылары Дамирдің басына дөп тиді деп айта алмаймыз.
Көп ұзамай Дамир оны ұстап алды. Соққыларын сілтеп, бас сауғалатты. Бір-екі жұдырығы Меньшиковтің басына тигендей де. Содан оны құлатып, енді астына басып алып еді... Төрешілер килігіп, арашалап алды. Қолына жармасып, ұрғызбай қойды.
Әйтсе де, біздің Дамир төрешінің тасасына тығылған Меньшиковті бір нұқып қалған. Енді осы матчтан кейін Меньшиков жеңілгенін мойындаса да, "ол – қарулы жігіт, жақсы төбелеседі, бірақ төрешілер ажыратып алған соң ұрғаны – жақсы емес" депті. Мына Меньшиков дегенге дауа жоқ екен! Басқа айтарымыз жоқ.
Тек, осы жерде қосарымыз, Виталий Меньшиков – өткен маусымда "Қазцинк-Торпедо" клубының сапында ойнап, қазақтың дастарханынан дәм татып, нуынан нәр алған ойыншы. Қалай десек те, былтыр Өскеменге келіп, шеберлігін ұштаған...