Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Барыс» хоккей клубының жоғары жалақысына қатысты айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Сіздер спортты көріп жүрсіздер ғой. Чемпионаттарды, ірі ойындарды, мәселен соңғы чемпионатты көрдіңіз ғой. Мәселен, Месси бастаған топты қараңызшы. Месси өте бай клубта өнер көрсетеді. Сондықтан мұндай мықты ойыншылардың келуі ел чемпионатының күшеюіне мүмкіндік береді. Жеңіс тұғырынан көріну үшін өте мәнерлі әрі ұшқыр ойнайтын, беделді спортшылар керек, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Айтуынша, шетелден жаппай спортшыларды сатып алу дұрыс емес.
Дегенмен мықты ойыншылардың болуы халықаралық тәжірибеде бар. Қаржы министрі – Үкімет басшысының орынбасары ретінде айтарым, біз кезінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен осындай клубтарды қаржыландыруға тыйым салдық. Қаражат бөлмейміз. Біздің негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Жасөспірімдердің арамыздан шығып, ірі спортшы болуына жағдай жасау, - дейді ведомство басшысы.
Сонымен қатар шетелден шақырылатын ойыншылардың жалақасына төленетін шығынға қатысты да өз пікірін айтты.
Шығынның бірақ өз аргументі бар. Біз екі жақты да тыңдауымыз керек. Егер «Барыс» клубында жай ойыншылар ойнаса, ондай клубтың керегі де жоқ. Арасында көшбасшы керек. Бірақ көрпеге қарай көсіл дейді. Бүкіл ақшамызды спортшыларға жұмсамай, баланс табу керек, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Белгілі мәліметтерге сүйенсек, «Барыс» хоккейшілері Никита Михаилис пен Линден Вейдің жыл сайын алатын жалақысы 377 млн теңгеден асады. Ал Майкл Шапю, Энтони Луис, Джереми Бракконың жылдық айлығы 200 млн теңгеге жуық.