Қазақтар АҚШ-қа гол соқты
Бендиден (допты хоккейден) Қазақстан құрамасы Мәскеуде өтіп жатқан ХХХ әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.
«А» тобындағы соңғы ойынын АҚШ құрамасымен өткізген бендишілеріміз 9:4 есебімен ірі жеңіске жетті. Бірінші таймда жауапсыз бес гол соғып, үстемдік танытты да, матчтың екінші жартысында тізгіндерін тартып, күш-қуаттарын жартылай финалға үнемдеуге көшті.
Мұз айдынға, негізінен, қосалқы құрамдағы жігіттерімізді шығарумен болды. Бір көңіл аударарлығы, бұл ойында Ескендір Нұғманов пен Рауан Исалиев осы әлем чемпионатындағы алғашқы голдарын соқты.
Жалпы, Рауан Исалиев пен Алексей Загарских екі голдан соқса, қалған бес голды Ескендір Нұғманов, Вячеслав Бронников, Александр Дрягин, Владислав Новожилов және Андрей Ковалев сынды бендишілеріміз енгізді.
Бүгін Қазақстан құрамасы Ресей бендишілерімен кездеседі. Екінші жартылай финалдық жұпта – Швеция және Финляндия құрамалары. Ал «А» тобында соңғы орынға табан тіреген АҚШ бендишілері «В» тобында топ жарған Канада құрамасымен келесі жылы жоғарғы топта ойнау құқығын сарапқа салады.