Шөптің «тілін» тапқан емші

Шөптің «тілін» тапқан емші

Медицинаның атасы – халық емі. Ал халық емінің түп төркіні – өсімдіктер әлемі.

Халықаралық табиғатты қорғау ұйымы әлемде 320 мың емдік өсімдік бар дейді. Оның 21 мыңы медицинада кеңінен қолданылады екен. Осы өсімдіктер әлемін жете танып, олардан небір күрделі ауруларға дәрі дайындап жүрген жан – Арғынбек Қабылқақ жайлы естігенбіз. Білуімізше, ол Қытай медицинасы Пекин университетінің түлегі, Гарвард университетінің профессоры. Арғынбектің атасы да, әкесі де шөптің тілін білген емші болған деседі. Өзі Түркия, Ресей, Германияға танылған дәрігер.

Біз таяуда «YouTube» желісінен Арғынбек Қабылқақтың шөптен дәрі дайындау мен емдеу әдісі туралы сұхбатын көрдік. Онда ерекше жайлар қозғалған екен, сұхбатты ықшамдап, қағаз бетіне түсіруді жөн санадық.

Көк өскіннің дәміне де мән береді

«Мен білім алған Қытай медицинасының Қазақ шипагерлігі бөлімінде шөппен емдеу туралы көп айтылады. Емдік шөптер негізінен сыртқы ауруларға, ішкі ауруларға, ыстыққа, бауырға деген сияқты 8 топқа жіктеледі. «Айдатқылар», «тыйғылар» деп ішінара тағы бөлінеді. Тыйғыларымыз – қант диабеті, айдатқылар – іштегі ыстықты айдайтын дәрі болып саналады.

Шөптердің бір-бірімен отаспайтын түрлері болады. Егер ем үшін олардың 2-3-уі қатар қолданылса, кері әсер тудырады. Дәрілік қуатын жойып жібереді. Сол сияқты 18 түрлі бір-бірімен жасқанатын шөптер болады. Олар бір-бірінен жасқанып, қуатын шығармай қояды. Ол шөптерді бөліп, даралап алғаннан кейін ыстық, суық, салқын, ыстыққа жақын, салқынға жақын деп, 5 райға жіктеп тастайды. Оны төрт дәмге бөледі: ащы, қышқыл, тәтті, қышқылырақ деген сияқты. Сол дәмнің бәрін сезу керек. Шөптердің бір-бірімен үйлесімін білу маңызды. Мен осыған қызығып, тереңдеп оқыған жанмын.

Емдік шөп жинау барысында мен Қазақстанды бір айналып шығамын. Кез-келген бір шөптің ең бірінші дәмін көремін. Бұл жерде дәм мен иіс маңызды рөл атқарады. Өйткені өсімдіктің өсіп тұрған кезі мен қураған кездегі дәмі, иісі өзгереді. Мұның бәрін білу керек. Дәрі жасағанда осындай жайларға мән беремін.

Науқас адамның тамырын ұстағаннан кейін қандай ауру белгілері бар, ол ауруға қандай шөптер ем болады, соны ойластырамын. Сосын барып ол адамға керек дәріні 2-3 күн ішінде дайындап беруге тырысамын. Екі-үш шөпті қосып, спиртке ашытып қойғанның бәрі дәрі болмайды. Мұндағы шөптердің райы мен дәмі, басқа да ерекшелігі ескерілуі тиіс.

Қандай түс көргеніңді сұрайды

Медицина – өте үлкен ғылым ғой. Оның ішінде барлық ілім бар. Мысалы, кейбір адамдар ауру басталарда түс көреді. Сол үшін мен тексерілуге келген адамдардан: «Түс көресіз ба? Ұйқысырайсыз ба? Түсіңізде не көресіз?» – деп сұраймын. Өйткені түстің өзі адам денсаулығына тығыз байланысты. Кей адамдар түсінде жылап жүреді, енді бірі күліп жүреді. Күліп жүрсе, бауыр ауруларынан біраз нәрсе байқалып келе жатыр деген сөз. Егер жылап жүрсе, жүректен біраз аурулар басталып келе жатыр дегенді білдіреді. Енді көп жағдайда адамдар лай суға, терең шұңқырға түсіп кетіп, селк етіп оянып кетеді. Оның барлығы жүрек пен қан қысымы ауруларымен тығыз байланысты. Адамның денсаулығы оның сана-сезіміне, әдетіне, тұрмыс жағдайына, көңіл-күйіне де қатысты болады. Сол үшін емдеген кезде маңызды нәрсе қатарына адамның көңіл-күйін де қосамын. Оларға дәрі жасау үшін осындай нәрсенің барлығына назар аударамын.

Мысалы, кейбір адам суық жерде жұмыс істейді. Оған суық жерде өсетін шөптер шипа болуы мүмкін. Кейбір адам ыстық жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда ыстық жерде өсетін шөптер шипа болады. Сосын ұлттық тамақтану амалы болады. Ол дегеніміз қазақтың ұлттық ас мәзірі – етті, майлы тамақтарды көп тұтынамыз. Ал ет суықтық қатарына жатады. Тұратын мекеніміз де қоңырсалқын климатқа жатады. Мұндай жердің өзіне тән аурулары болады. Мысалы, жеміс жеп өсетін елдер болады. Оларда ыстық ауруы аз келеді. Себебі жеміс ыстықтық қатарына жатады. Ауруды анықтау мен емдеуде мән беретін осындай жайлар көп.

Баланы бесікке бөлеудің маңызы

Кішкентай балаларға да тоқтала кетейік. Бала туылғанда төбесінде еңбек деген бүлкілдек жер болады. Еңбек бала еңбектеп жүре бастаған кезде қатаяды. Оны күнқағар деп те айтады. Қазақ шипагерлері бала төбесіндегі сол еңбекті энергия, тәлім-тәрбие қабылдау көзі деп есептеген, еңбектегенге дейін бесікте жатқан бала ақпаратты сол жерімен алады деп, оны бір зор маңызға ие қылып айтады.

Бізге миы, жұлыны зақымданған балаларды әкеледі. Бұл не үшін болды деп қарасам, көбіне басы қисық болады. Себебі бала бесікке бөленбеген. Баланың басы қисық өскен соң ол миды қысады, мидағы сұйықтың мұрыннан шығуына кедергі жасайды. Миды,  жұлынды қабындыратын сол нәрсе.

Баланың дұрыс өсіп-жетілуінде бесіктің көмегі бар. Бірақ 8 айдан кейін бесікке бөлеудің еш қажеті жоқ. Неге 8 айға дейін? Бала шалқасынан дұрыс жатса, сұңғақ бойлы келеді, омыртқасы қисық болмайды. Жауырыны да түзу өседі. Баланың кеуде бөлімі, бүкіл бой-тұлғасы, жалпы дене қалпы жақсы өседі. Миы толық жетіледі. Бесіктегі шайқаудың өзі бастың сұйықтықтарды дұрыс ретке келтірудің жақсы амалы ретінде саналған.

Отыз түрлі дәрі жасап шығарған

Біз жасайтын дәрілер Еуропада тіркелді. Дәрілер ол жақта қатаң тексеруден өтті. Олар бір жылдың үстінде зерттеді. Одан кейін дәрінің құрамын қарады. Химиялық құрамы не, қандай кері әсері, қаншалықты оң әсері болады деген сияқты нәрселердің барлығы қатаң тексеруден өтті. Енді, бұйырса, Қазақстанда да тіркеп, өзіміздің ортамызға лайық дәрі шығарсақ деген ойымыз бар.

Отыз түрден артық дәрі шығардым. Алғашқы дәріні жүрек ауруына арнап жасадым. Себебі адам сау, мықты болуы үшін алдымен жүрек сау болуы тиіс қой. Ал жүрек дұрыс болуы үшін адам сабырлы болуы керек. Сабырсыздықтан жүрекке салмақ түседі. Содан қан тамырлары жарылып кетеді. Жүректі сақтаудың басты жолы – жақсы нәрсе ойлау. Көп адам кез-келген нәрсенің бірінші кезекте жаман жағын ойлайды. Ал жаман нәрсені көп ойлаған адамның жүрегінде міндетті түрде кесел туындайды.

«Кеудеде жұдырықтай бір кесек ет бар, ол бұзылса – адам да бұзылады» дегенді бір хадистен естідім-ау деймін. Сол бір кесек ет деген жүрек қой. Айтпағым, жүректі таза, бұзбай сақтау керек. Жүрегі ауыратын адамдардың түріне қарап тұрсаңыз, беті бөрткен, реңі қара-қоңыр болады. Мұндай адамдарда көбіне қан аурулары білінеді, неге десеңіз, қан ыстық болғаннан кейін жүрекке барады да, жүрек тұна береді. Қаны ыстық, ашуы мұрнының ұшында тұратын адамдар болады ғой, міне, соларда жүрек ауруы ерте басталады.

Жүрек дәрісін 13 түрлі шөптен, 2013 жылы Қытайда жасадым. Ол дәріден көп адамдар жазылды. Көбісі алғыс айтты, алғыс айтқан сайын мен де қуандым. Сөйтіп дәрілерімді көбейтейін деп шештім. Кейін көп ізденіп, бүйрек ауруына дәрі жасадым. Ежелгі замандағы Өтейбойдақ деген емшінің дарымта деген дәрісі бұл. Сол тәсілді жаңартып, дамыта отырып жасалғаны. Өте күрделі аурумен ауырған науқастар жазылмаса да, бүйрегі әлсіреп қалған, жиі сыздайтын, тұз жиналған, несепте қан аралас адамдар жазылып жатыр. Көбісі алғысын айтты.

Ер адамдарға арнайы кеңес

Әзіргі адамдардың киген киіміне, көп отыратындығына, өзінің дене температурасын қалыпты сақтамайтынына байланысты ер адамдарда ұрықтың тіршілігін жасатып тұратын жүйе бұзылады. Содан кейін көп адамдар ұрпақ көре алмайды. Ерлік қабілет болғанымен, ұрпақтық қабілеті жоқ. Жалдамалы сөлі азайғаннан ұрпақ жалғамалық қызмет төмендеп кетеді.

Бұл мәселеге ежелден ерекше мән берілген: қазақта күйеу балаға төс етін берудің себебі мен мәні тереңде. Төстің етінде ұрпақ жалғама деген без болады. Сол көп болғандықтан күйеу балаға соны береді, ұрпағы жалғансын, қызым сол шаңырақтың ұрпағын жалғаушы болып, бағы ашылсын деген ниет. Ал енді күйеу бала қартайған шақта асық жілікті беріп жатады. Неге? Себебі асық жіліктің еті жұмсақ болады, әрі еркектік без жеделдеткіш гормон болады. Яғни ер адамдардың әйеліне ынтықтығын тудыратын гормон болады, соны көбейтеді. Сол үшін береді.

Мен мұны неге айтып отырмын?  Біз «безеулік жалғаушы» деген атпен ер адамдарға арналған дәрі жасадық. Безеулік жалғаушы дегеніміз – жаңағы бездің қызметі бұзылып тұр ғой, соны қайтадан қалпына келтіреді. Оны ұрық пайызы 15-20-ға түсіп қалғандар ішсе, 80 пайыздан жоғары көтереді. Осылай бала көтерген адамдар өте көп болды. Бұл нәтиже ерекше шабыт беріп, артынша бауыр, асқазан ауруларына қатысты дәрі жасауды қолға алдық. Әрине, барлығы да шөптен жасалды. Осының әрқайсысында адам ағзасы, ондағы клетка саны, адамның дене тұрқы, иммунитеті назарға алынады.

Химиялық дәріге қарағанда шөп дәрілердің нәтижесі сәл баяу болады. Әсері 10-15 күннен кейін ғана белгілі бола бастайды. Себебі олардың құрамында ауруды басатын, көңіл-күйге қуат беретін, гормондық қоспа жоқ. Кілең өсімдік шөптер, әсері баяу, бірақ түбегейлі нәтижелі болады.

Анасының шашымен емдепті

Ананың балаға деген, баланың анаға деген құштарлығының тылсым жалғамы бар. Мен соны зерттеп жүріп, бір нәрсеге көзім жетті. Бір бауыры қатайып ауырған қыз баланы кездестірдім. Бауырдың шамасы біткен күні адамның денесінен қан ағады ғой. Ол қыз балаға барсам, мұрнынан, аузынан, тікішегінен, көздерінің жасағарынан қан ағып жатыр. Тамырын ұстап, дертін айттым. Бұл енді жазылмайды деп, ауруханадан шығарып тастапты. Үйіндегілер енді үзіліп кетуін ғана күтіп отыр екен. Қыз бала жаны қиналғанын айтты. Мен өзім зерттеп жүрген нәрсемді осы жерде емге қолдандым.

Қазақ шипагерлігінде баланың мазасы кетсе, анасының шашын жанына қояды екен. Ол кездің апалары шашын тастамай, аяқ асты етпей, жинап қойған ғой. Мен соны бұл неге керек деп ойлайтынмын. Сосын шаштың көмірі деген болады, шашты өртеп алып, жараланған жерге басса, қан тоқтайды. Шаш деген – салқын нәрсе, ал бауыр қызметі бүлінген соң қан ыстық болып кетеді, содан қантамырға сыймай, сыртына шығады.

Осының бәрін саралай келе, жаңағы әдісті сол қызға пайдаланып көрсем қалай болады дедім де, анасының шашынан бұл қызға дәрі жасап бердім. Оған 4-5 сағат уақыт кетті. Соны ішкеннен кейін 3-4 сағатта қан тоқтады. Он үш күннен соң қыз орнынан тұрып, аздап жүре бастаған. Бірақ мен одан кейін қайталап дәрі жасап бермедім, себебі қыздың бауыр ауруы күрделі кезеңге өтіп кеткен еді.

Осы жағдайдан кейін бауырдың күрделі ауруына ем болатын жағдайларды зерттеп жатырмын. Қазақстанда күрделі бауыр ауруы көп кездеседі ғой. Көз алдымызда қаншама адамдар өтіп кетті, сол бауыр ауруынан, өкінішті-ақ».

…Жасы отыздың орта беліне таяған дәрігер А. Қабылқақ «Денсаулық» айдарындағы сұхбатында бұдан басқа да көптеген мәселелерге тоқталған екен. Біз соның негізгі дегендерін ықшамдап алдық. Оқырман одан өз керегін ала жатар деген ойдамыз.

Дайындаған – Жарас ҚАСЫМ.

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста