Ақтөбелік келіншек ешкі сүтінің көмегімен қатерлі ісікті жеңді
Ақтөбеде Жанат есімді қатерлі ісікке шалдыққан көпбалалы ана ешкі сүтінің көмегімен ауруын қалай жеңгенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Жолаушылар тасымалы қызметінде жұмыс істейтін көпбалалы келіншек "қатерлі ісікке шалдықтыңыз" дегенді естігенде есеңгіреп қалған. Салы суға кеткенімен, есін тез жинап, өмір үшін күресті бастап кеткен.
"Химиотерапия алғаннан кейін менде еш үміт болған жоқ. Ойладым ғой мен осы қиындықтардан өте аламын ба, алмаймын ба деп. Алланың қалауымен мен осы қиындықтардан өттім. Жаман ауруды жеңуге болады",- дейді әйел.
Ауыр дертке шалдыққан келіншек ем қабылдай жүріп жаман ойдан арылуға тырысады. Өзіне ұнайтын - ас пісіруді ермек етеді. Сол кезде өзіне мақсат қояды.
"Мен 2019 жылы өзім қатерлі ісік ауруына шалдыққаннан кейін ем алдым, химиотерапия, лучевая. Химиотерапия алғаннан кейін шашым түсіп қалды. Сол кезде бізге айтылған, ешкі сүтін ішсеңіздер, шашың қатайып шығады деп. Сонда біз іздегенде адам тапшы болды. Ыссылай, жылылай сауған бойы әкелетін адамды таппадым мен",- дейді ол.
Жанат өзі секілді жаны қиналған жандарға ешкі сүтінің ауадай қажет екенін түсініп, кәсіпті терең зерттейді. Ол әуелі кәсіпкерліктің әліппесін меңгереді. Ізденіп жүріп әкімдік ұйымдастырған кәсіпкерлік курсынан өтеді. Жобасы үздік бағаланып, мемлекет қолдау ретінде жарты млн теңге береді. Соған алты ешкі сатып алады.
"Күніне үш мәрте сауамын: таңертең, түсте, кешке. Таңғы 6-да сауып болып, жетіден бастап онкобольнойларға таратамын. Өзім сияқты ремиссияда жүрген, химиотерапия, "лучевая" терапия алып жатқан больнойларға көмектесемін деп өзіме мақсат қойғанмын",- дейді әйел.
Сондай-ақ, келіншек жуырда жергілікті әкімдік ұйымдастырған "Бетбұрыс" жобасына қатысқан.
Жанардың болашаққа қойған жоспары көп. Ешкі шаруашылығын кеңейтіп, кейін сүтінен ірімшік өндіргісі келеді.