Ермахан Шайхыұлы: КӨҢІЛДІ ҮЗІЛІС
Балалар әдебиетін сөз өнерінің бастау бұлағы, қайнар көзі деуге болады. Оның өзіне тән еркешелігі, көркемдігі, бүлдіршінге лайықты юморы, таным-түсінігі, мінез-құлқы, болмыс-бітімі, түсініктілігі, тәрбиелік маңызы болуы керек. Балалар әдебиетінде жиырмадан астам жанр бар. Олардың әрқайсысын бөлек-бөлек жіктеп, жіліктеп қарастыруға болады. Балаларға арнап жазылған әрбір туынды сәбидің болмысындай шынайы, таза, тұнық, тілі көркем де ойнақы болуы шарт. Жалпы балалар әдебиетіне ат ізін салып, бүлдіршіндерге арнап шығарма жазбаған қаламгер қазақ әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де кемде кем. Әдебиеттің небір алыптары балаларға арнап түрлі жанрда көркем туындылар тудырды. Өйткені ол болашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін керек.
Бүгін оқырман назарына белгілі сатирик-жазушы Ермахан Шайхыұлының бір топ шығармаларын ұсынамыз. Бала тілін ұстартып, ой жылдамдығы мен дұрыс сөйлеуге қалыптастыру үшін таптырмас құрал жаңылтпаштар, таң шығындай мөлдір балауса жырлар, бүлдіршіндердің бал тілімен айтылған әзілге бергісіз көңілінді көктем етер күлдіргі жайттар топтастырылып берілді.
Ермахан Шайхыұлы Түркістан өңірінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Көптеген республикалық мерзімді басылымдарда, ақпарат құралдарында қызмет атқарды. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс береді.
«Ауыз тие отырыңыз», «Біртүрлі кітап», «Мынауың жынды екен», «Жатыпатар», «Шылдыр шүмек», «Аққудың сыңары», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Ағынан жарылсақ...», «Әріп әлемі», «Сандалған сауал», «Қоңыр қажының күнделігі», «Атақты айтқыштар» атты кітаптардың авторы.
ЖАҢЫЛТПАШТАР
Асу, ашу, ас су, аз су:
Аз су, ас су, ашу, асу.
* * *
Талап салақ-ты,
Оқымайды сабақты.
Самат талапты,
Жақсы оқиды сабақты.
Талап салақ-ты,
Самат талапты.
* * *
Шын айтты ма?
Сын айтты ма?
Шын айтса да,
Сын айтса да,
Шыны – сын,
Сыны – шын болсын!
* * *
Аманкелді майданнан аман келді,
Аманкелді май айына таман келді.
* * *
Үш қыз да ұшқыш,
Ұшқыш та үш қыз.
Үш қыз – ұшқыш,
Ұшқыш – үш қыз.
* * *
– Сатыбалды кеше неше дәптер сатып алды?
Сатыбалды кеше неше кептер атып алды?
– Сатыбалды кеше көп дәптер сатып алды,
Сатыбалды кеше көк кептер атып алды.
* * *
Жамал амал іздесе де,
Самал амал іздемеді.
Жамал амал іздегенде,
Самал неге амал іздемейді?
Самалдың бар ма басқа көздегені?
* * *
Айбар асығып жүр,
Айдар ашығып жүр.
Айбар асығып жүріп,
Ашығып қалмасын!
Айдар асығып та,
Ашығып та қалмасын!
* * *
Айым шәйнек сындырды,
Қайым әйнек сындырды.
Шәйнекті Айым сындырды,
Әйнекті Қайым сындырды.
***
– Орал Оралдан оралды ма?
Оралдан Омар оралды ма?
– Орал, Омар, Арал, Марал,
Яғни, олар Оралдан оралды.
***
Адам ата мен Хауа анадан
Абыл мен Қабыл туады.
Қабыл мен Абыл
Хауа ана мен Адам атадан туады.
Сонда Абыл Қабылдың ағасы ма?
Әлде, Қабыл Абылдың ағасы ма?
– Абыл – Қабылдың ағасы, – дейді Жаңыл да, Табыл да,
Оны өзің зерттеп, зерделеп қабылда!
БАЛАУСА ЖЫРЛАР
МЕКТЕБІМ
Ұмыта қалай алмақпын,
Өзіңде өткен жылдарды?!
Қиялды биік самғаттым,
Бетке алып арман шыңдарды.
Әсем бір күйдің сазы ма ең,
Достармен өткен әр күнім?
Қия алмас ұстаздарыммен,
Қоштасып тұрмын мен бүгін.
ТУҒАН ЖЕР
Қарсы алар есіп алдымнан,
Самалы дархан даланың.
Өзіңді әркез сағынған,
Туған жер ерке балаңмын.
Кеудемде ойлар көп менің,
Жауындай өтер селдетіп.
Өзіңді аңсап келемін,
Балауса жырым тербетіп.
ЖАЙЛАУДА
Жайлауда жасыл жамылған,
Оранып аппақ сағымға.
Қыр асып отар барады,
Жайлаудың төсін сағынған.
Жас шопан әнге салады,
Айналам күлім қағады.
Сылдырлай түсіп бұлақтар,
Сайменен баяу ағады.
ӘКЕ
Ержетуді ойлап ертерек,
Шаттанып, шалқып жүріппін.
Келеді мені жетелеп,
Бір сенің аппақ үмітің.
Самғатқан көңілін көкөрім,
Ұлыңның асқақ арманы.
Әнімнің тұнық әуенін,
Бір саған әке арнадым.
Ұғамын өрлік жүзіңнен,
Өзіңмен нұрлы таңым да.
Асқар тау болып тұрсың сен,
Әрдайым менің алдымда.
ТАЛАП
Ұядағы балапан қақты қанат,
Қарға емес, қыранға өзін балап.
Көтерілсем дей берді биігірек,
Енді қатқан қанаты – жаңа талап.
«Ассам» деді енді ол таудан биік,
Қаға түсті қанатын иіп-иіп.
Бірте-бірте биікке самғай берді,
Ерік бермей жас талап, балаң үміт.
Шаршаса да ол өзі қанат талып,
«Қонам» деді шыңына таудың барып.
Жетеді ме көздеген межесіне,
Жетер бәлкім ұша алса, бұлт жарып.
Ұядағы балапан қақты қанат,
Қарға емес, қыранға өзін балап.
Жас қанат та жетеді мұратына,
Болса егер таудан да биік талап.
АЛТЫН ҰЯ – МЕКТЕБІМ
Алтын ұя – мектебім,
Өзіңде өніп, көктедім.
Бас иемін алдыңда,
Өзің – мәңгі көктемім.
Алтын ұя – мектебім,
Дәт-қуатым, от-демім.
«Мақсаттарға діттеген,
Білім қуып жет!» дедің.
Алтын ұя – мектебім,
Қимай да сені кеткемін.
«Белгі боп сенде қалсын» деп,
Аулаңа шыбық еккемін.
Алтын ұя – мектебім,
Өзіңде өніп, көктедім.
Бас иемін алдыңда,
Өзің – мәңгі көктемім.
ДАУЫЛ
Есікті сабалап,
Дол жел ұрады.
Жел үні қарашы,
Құлақта тұрады.
Жүргендей көп іздеп,
Біреуді таба алмай.
Есікті қағады,
Бейне бір адамдай.
АНА ТІЛІ
Кітап – білім бұлағы,
Газет – тілдің құралы.
Ана тілім – ардағым,
Тәй-тәй басып жүр әлі.
Кітап – білім бұлағы,
Өнер – тілдің құралы.
Ана тілге ерекше,
Ішім бұрып тұрады.
ДҮРӘЛІ
Орындамай сабағын,
Асық ойнап жүр әлі.
Ішер-ішпес тамағын,
Ұйықтап қалды Дүрәлі.
Сабақ бойы секіріп,
Жасамады жөн қылық.
Күнделікке екілік,
Қайтты үйіне қондырып.
МӘКЕН мен СӘКЕН
Мәкенге:
–Көп берсем ақшаны,
Сатып не алар ең?
– Білмеймін басқаны,
Көп конфет алар ем?
Сәкенге:
– Көп берсем ақшаны,
Ал сен не алар ең?
– Тамсантқан баршаны,
Кітапты қалар ем.
Дәл мұндай баланы,
Данаға балар ем.
ЕЛІКТЕУ
Еркелеу Марат,
Суретке қарап.
Тік тұрған шашын,
Қоймақшы тарап.
ТҮСІНУ
Бақылау жұмысын,
Жанардан көшірдім.
Бұл ісім оңбасын,
Соңынан түсіндім.
ҚУЛЫҚ
Сабақтан қалмақ боп,
Қалды ол ауырып.
Ал ойын дегенде,
Кетті тез сауығып.
АЛДЫН АЛУ
– Айналайын, Нұрым,
Нан әкеліп бер!
– Еңбегімнің құнын,
Алдын ала бер!
КІМ КІНӘЛІ?
– Әй, Бекәлі, Бекәлі,
Бетің неге кір?
– Жуған апам кінәлі,
Аптасына бір.
ЖЫЛАУЫҚ
«Біздің Ермек
Кімге керек?»
Десең болды
Жата кетер
Жер тепкілеп.
КӨҢІЛДІ ҮЗІЛІС
Қазақ тілі сабағында
Мұғалім:
– Шылау дегеніміз не?
Оқушы:
– Үйдің бұрыштарында кездесетін өрмекшінің ұясын «Шылау» деп атаймыз.
Геометрия сабағында
Мұғалім:
– Дарханов, шеңбер дегеніміз не?
Оқушы:
– Шеңбер дегеніміз дөңгелек.
Мұғалім:
– Ал, дөңгелек дегеніміз не?
Оқушы:
– Дөңгелек дегеніміз шеңбер.
Екі алар едім
– Мама, бүгін маған апайымыз сабақта тыныш отырмағаным үшін 3 қойып берді.
– Оның несіне қуанасың, балам?
– Мама, егер менен апайым үйге берілген тапсырманы сұрағанда 2 алар едім.
Ант ету
– Мама, мен достарыма «мұнан былай сабақты жаман оқимын» деп ант еттім.
– Мұның сұмдық қой. Неге «жақсы оқимын» деп ант етпедің?
– Сіз түкке де түсінбейсіз, мама! Егер мен «Жақсы оқимын» дер болсам, миым ашып жүрер еді.
– Ал, енді кітап бетіне де қарамай бейқам жүретін болдым.
Жауабын тапты
– Секемов, сен неге күнделік арнамағансың?
– Ағай, ата-анам күнделігімді тексеріп қарағанда, нашар бағаларды көріп шошымасын дегенім ғой.
Сақтану
– Білім нәрімен сусындамасаң, оқып-шоқып, білгеніңді зердеңе тоқымасаң, мектепке не үшін келесің?
– «Сабаққа неге келмедің?» деп сынып жетекшім ұрса ма деп қорқам.
Әдебиет сабағында
Мұғалім:
– Аманжолов, үйге қандай тапсырма берілді?
Оқушы:
– Ағай, бұл қай сабақ?
Таңданыс
Төрт жасар Мұраттың нағашы апасы қойларды өріске шығарып, қозыларын қорада алып қалатын. Соны байқаған немересі бірде:
– Апа, қозылар балабақшаға барудың орнына, қойлар барады екен, а! – деді таңданып.