Балғын қалам

Балғын қалам

ДЕЖАВЮ

 

Кешкілік інім екеуміз каратэ үйірмесіне бардық. Жаттығудан шаршап келіп, ұйықтап қалдық. Түс көріппін. Раушан апайымның сабағы екен деймін. Апай күндегідей қара көйлек емес, қызыл гүлі бар жасыл көйлек киіп алыпты.
– Балалар, бүгін 3-тоқсанның соңғы күні. Қазір тест тапсырасыңдар. Кім орындап болса, үйіне қайта береді, – деді сыныпқа кірген бойда.
Бәріміз қуанып кеттік. Апай сұрақтар үлестірді. Біз отыра қалып, жауабын жаза бастадық. Тесті бірінші болып аяқтаған Арман мақтана басып сыныптан шығып кетті. Сол сәтте түсім шым-шытырық болып кетті. Біреулер айқайлап, төбелесіп жатты. Жүгіріп барып ажыратып жатқанымды білем, оянып кетіппін. Таңғы аста анама айтып берейін десем, түсімді ұмытып қалыппын.
Сабаққа ертерек келдім. Сынып әдеттегідей у-шу болып жатыр. Достарым қуаласпақ ойнап жүр. Арман ғана ойынға араласпай өз орнында отыр.
– Мыналар сабаққа дайындалмай ма? Неге ойнап жүр? – деп сұрадым.
– Сен білмейсің бе? Бүгін 3-тоқсанның соңғы күні. Апай тест тапсырасыңдар деген. Сабақ болмайды, тек емтихан, – деді Арман.
– А, солай ма? – дедім. Есіме түндегі түсім түсті. Енді не болар екен? Раушан апайдың келе жатқанын көріп, балалар тып-тыныш бола қалды.
Апай ерекше көңілді екен. Қызыл гүлі бар жасыл көйлек киіп алыпты. «Мен мұны түсімде көрдім ғой» деп ойлап үлгермедім, апай:
– Балалар, сабақ болмайды. Тест. Аяқтағандар үйіне қайтса болады, – деді.
Тест сұрақтары қиын емес екен. Кілең үйде орындаған тапсырмалар. «Қалайда Арманнан бұрын бітіруім керек» деп жылдам жазғам. Ілесе алмадым. Ол бірінші болып орнынан тұрып, бізге күле қарап, дәлізге шығып кетті. Ал мен екінші болып бітірдім. Үйіме қайттым. Жолда кешегі түсімді ойладым. Дәл түсімде көргендей тест тапсырғанымызды көрмейсің бе. Арманның бірінші болып бітіргені, тіпті, апайдың киіміне дейін айнымайды.
Біздің үйдің қасында шағын футбол алаңы бар болатын. Кішкентай балалар доп ойнап жүр екен. Мен жақындай бергенде екі бала допқа таласып қалды да, бірі екіншісін бір тепті. Бақырып жылаған ана бала жердегі тасқа жармасты. Ұрып еді, тимей кетті. Екіншісін алғанда мен барып ұстап қалдым. Төбелескен екі тентекті ажыратып жатып түндегі түсім есіме түсті.
Үйге келген соң түсімнің өңімде қайталанғанын анама айтып бердім. «Мұндай жағдай болып тұрады, балам. Мұны ғылымда «дежавю» деп атайды» деді ол кісі. Қызық!

 
Толағай СЕРІКБАЙ,
№28 ІТ мектеп-лицейінің
5-сынып оқушысы.
Талдықорған қаласы.

 

 

 

ҚОҢЫР КҮШІК

 

Біздің үй мектептен алыс. Сабаққа күнде жаяу барамын. Күздің бір күні. Күн суық. Қатты тоңып, үйге тез жету үшін жүгіріп келемін. Жолдағы үлкен ағаштың түбінен қыңсылап тұрған қоңыр күшікті көріп қалдым. Өзі сондай сүйкімді екен. Қарны ашқан сияқты, қыңсылап қояр емес.

Мен итті қатты жақсы көремін. Сондықтан, бұрылып жанына бардым. Сөмкемдегі бәліш есіме түсе кетті. Соны алып күшікке бере қойдым. Күшік бәлішті шайнамай жұта салды. Тағы бар ма дегендей, жәутеңдей қарады. Неде болса үйге алып кетейін деп ойладым. Көтеріп алып үйге қарай жүгірдім. Қақпаны ашып:

– Анашым, мен үйше күшік әкелдім, қараңызшы қандай сүйкімді, – дедім. Терезеден мені көрген анам бірден далаға шықты.

– Қызым-ау, мұны қайдан алдың?– деді анам.

– Жолдан тауып алдым. Тастап кетейін десем, қатты қыңсылап жылады. Жаным ашып кетті. Анасы жоқ сияқты, – дедім анама.

Анам да мен сияқты итті жақсы көреді. Күшікке тамақ беріп, үлкен қорапқа салып қойды.  

–  Күшігіңнің аты Арлан болсын, – деді анам.

Кеште Арлан тағы қыңсылай бастады. Анасын іздеп жатқан шығар, ертең орнына қайта апарып қояйын деп ойладым.

Таң атты. Мен Арланды алып, мектепке қарай жүгірдім. Арланды кешегі орнына қалдырып кеттім.

Сабақ бітіп мен Арланды көруге асығып, үйге қайттым. Арлан сол кешегі орнында жүр екен. Анасы көрінбейді. Мені көріп қуанып кетті. Еркелетіп, басынан сипап үйге тағы алып кеттім.

Арада біраз уақыт өтті. Арлан өсіп қалды. Ол досым сияқты болып кетті. Мен Арланға сабақтан қандай баға алғанымды айтып беремін. Ол да бірдеңе түсінгендей маған қарап аф-аф деп үріп қояды.

Бірде мен күндегідей сабағыма кеттім. Арлан менің артымнан қалмай, біраз жерге еріп келіп, қайта қайтты.  Неге екенін қайдам, сабақта қайта-қайта Арланды ойлаумен болдым. Сабақ біте салысымен үйге қарай ұша жөнелдім. Арлан алдымнан шықпады. «Арлан, Арлан!» – деп дауыстап едім, үн қатпады. Бір кезде жол шетінде шалқасынан жатқан Арланды көрдім. Аузынан қан ағып, өліп қалыпты. Көлік қағып кеткен сияқты. Көзімнан жас ағып, жылап қоя бердім.

Арланның өмірі осылайша қысқа болды. Әлі күнге Арлан есімнен кетер емес.

Әттең, анасы болғанда бұлай болмас па еді?..

 

Балғын ТАСТАН,

№1 мектептің  4 «Б» сынып оқушысы.

Талғар ауданы,

Алматы облысы.

 

 

 

 

КҮН МЕН ТҮН 

(ертегі)

 

Ертеде Аспан-Ананың Күн және Түн есімді қос перзенті болыпты. Аспан-Ана перзенттеріне әрдайым қайырымды істер мен басқаларға жақсылық жасау керек екенін айтып отырады екен. Анасының айтқанын есінен шығармайтын биязы мінезді Күн әрдайым айналасындағыларға шуағын шашып, оларды нұрына бөлепті. Адамдардың еңбек етіп, өз несібесін тауып, шаттанған жүздерін көрген сайын ол күлімдеп, жарқырай түседі екен. Таң атып, күлімдеген Күннің ұясынан көтерілгенін көрген халық оған жылы жүзбен сәлем беріп, әрдайым қуана қарсы алады екен.

Ал Түн болса, анасының ақылын ұмытып, үнемі қабағын түйіп, түнеріп жүреді екен. Іші тар ол адамдардың Күнге деген сонша құрметін көре адмай, осы күйге түсіпті. Оларды өзіне бағынышты, әміріне тәуелді етуді ойлапты. Сөйтіп, кейбір адамдарды азғырып, оңай олжаға кенелуге шақырыпты. Өзгелер секілді еңбек етіп әуре болғанша, түн қойнауында ұрлық қылып, қарақшылық жасап, әртүрлі қылмыстар жасауға азғырыпты. Олардың жаман әрекеттерін бүркемелеп, қараңғыда жүзеге асыруына көмектесіпті. Ал тас қараңғыдан үрейленген жұртты көрген ол масаттанып, әр түн сайын жаңа бір тосын оқиға болуын ұйымдастырыпты.

Бірақ, жамандыққа үйір оның істері әрдайым сәтті бола бермепті. Себебі, қанша тырысса да, оның достары өте аз болыпты. Осылайша, ел-халықтың алғысына бөленген Күннің жанында Түннің беделі төмендей беріпті.

Содан бері адамдар таңның атуын асыға күтіп, келер жаңа Күннен жақсылық күтеді екен. Ал Күн ұясына батып, орнына Түн келгенде, үлкендер Алладан «Түннің тыныштығын бер көр!» – деп тілеп, ұйқыға жатыпты.

 

Әлихан НАУАНОВ,

Қ.Сәтбаев атындағы

орта мектептің

3 «Б» сынып оқушысы.

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы,

Қызылорда облысы. 

 

 

 

Жақсылық жасаған қандай жақсы!

Мен бүгін бір нәрсені түсіндім. Адам жақсылық жасаса, көңілі жайланып, өзін өте жақсы сезінеді екен. Осыған байланысты бір шағын оқиға айтып бергім келеді.
Сіңілім екеуміз үйге келе жатып, ағаш көлеңкесіндегі орындыққа отырдық.  Бір кезде мен жерден бір кішкентай жұлдызқұртты көрдім. Оның жаңадан шыққан жіңішке түктері мен нәзік қанаттары бар екен.  Жұлдызқұрт өте әлсіз екен. Ұшқысы кеп қанша талпынғанмен, ұша алмай жатты.
Кешікпей оған қаптаған қалың құмырсқа тап берді. Жұлдызқұрттың әлсіздігі сонша, құмырсқаларға төтеп бере алмады. Сіңілім екеуміз оған қатты жанымыз ашып, құтқарғымыз келді. Оны ақырын көтеріп алып, орындықтың үстіне қойдық. Бірақ, бір демде орындыққа өрмелеп шығып алған кішкене құмырсқалар оны тағы да тістелеуге кірісті. Сосын біз оны алақанымызға қойып, қолымызды көтеріп, ұшып кетуіне көмектестік.
Іле нәзік қанаттарын қағып-қағып қалған нәзік құрт көз алдымызда титтей жасыл көбелекке айналып ұшып кетті. Біз  қуанып кеттік. Жерден тағы да жұлдызқұрт іздей бастадық. Көп ұзамай  құмырсқалар жан-жағынан тістелеп жатқан тағы бір жұлдызқұрт тауып алдық. Бірақ оның қанаты жоқ екен. Біз оны да құтқардық. Біз бұл ісімізге қатты қуандық. Жақсылық жасаған қандай жақсы десеңші!
Достар, сендер де осылай айналаларыңдағы жәндіктерге қамқор болып, жақсылық жасап жүріңдерші!  Бұл сендерге де қатты ұнайтынына сенімдімін! Оны тек істеп көрген соң ғана сезінуге болады.


Айзер САЛАМАТ,
№104 орта мектептің
3-сынып оқушысы.
Алматы қаласы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста