Жын ұрғанын көргеніңіз бар ма?
Жын сөзі араб тіліндегі ''жапты'', ''жасырды''деген мағынаны береді екен. Жындар сезім мүшемізбен сезілмейтін, көзге көрінбейтін, бізбен қатар жүретін параллель тіршілік иелері. Жындар-шайтанның ұрпақтары. Олар да адамдар секілді тамақ ішеді, үйленеді, көбейеді, өледі. Бүгін «Алаш айнасы» жынды көзімен көрген адамның өз аузымен айтқан әңгімесін жариялап отыр.
Періште, жын, шайтандардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, періштелер әрдайым Аллаһ Тағаланың әмірімен қайырлы, жақсы істерді істейтін болса, шайтан-пендені тек алдап-арбаумен, жамандыққа итермелеумен айналысады екен. Ал,жындарда осы екі рухани әлемнің қасиеттері бар. Олардың мұсылмандары да, кәпірлері де болады деседі. Жындар біздің көзімізге көрінбейтін болғандықтан,олардың бейнесі бізге беймәлім.
Өзіміз көзбен көрмесек те, бала кезімізде әке-шешемізден, үлкендерден жындардың адам, аң мен құс кейпіне енетіні, адамға зиян жасайтыны жайлы жиі еститінбіз. Олардың күл-қоқыста, бұзылған үйлердің орынында мекен ететіні туралы да үнемі айтып отыратын. «Күл-қоқыс төгілген жермен жүрме, ондай жерге дәрет сындырма» деген сияқты ескертулер де жиі айтылатын. Сондықтан, түнгі уақытта бұзылған үйдің, күл-қоқыстың маңайынан жақын жүрмейтінбіз.
Жынның ұруы
Жат қылық жасағандарға қаратып, «мынаның ішіне жын кірген бе? Мынаны жын ұрған ба?» деген сияқты сөдерді әркім-ақ естіген болар. Алайда адамды жын ұрғанын көргендер некен саяқ шығар. Сол некен саяқтың бірі – мен. Аллаға шүкір, өз басым ондай жағдайға тап болған жоқпын, алайда сондай жағдайға душар болаған адамды өз көзіммен көргенім бар.
Институттың бірінші курсын тәмәмдап, ауылға демалысқа келдім. Анам, ауылда қалған бір сыныптасымды жын ұрып, түсініксіз жағдайға тап болғанын айтты. Ертеңінде түске қарай жақсы сыйласатын сыныптасымның жағдайын сұрауға бардым. Сыныптасым құшақ жайып амандасты. Мінез-құлқынан еш өзгеріс байқамадым. Әңгімесі де орнықты. Бірақ, бұл көпке созылмады. Дастархан жайылып, алдымызға шәй келгенде, жаңағы сыныптасым түсініксіз тілде біреумен сөйлесе бастады. Қасында отырған адамдарды елемейді де. Бәріміз үнсіз қалдық. Бір сәт өз-өзінен айғай салып күлді. Артынша дастарханды төңкеріп тастады. Абырой болғанда ыстық шәй құйылған шәйнек дастарханнан шет тұрған екен. Арадан 10-15 секунд өткенде, үнсіз отырып қалды да, бір уақытта «мына дастарханды дұрыстап жазсаңдаршы» деп ештеңе болмағанда, баз-баяғы сау қалпына түсті.
Кейіннен білдім, мұндай жағдай жиі қайталанады екен. Кейде қолына түскен нәрсені біреуге дәлдемесе де, лақтыра салатын көрінеді. Түнде үйдің терезесін сындырып далаға қашқан кездері де болыпты. Анасының айтуына қарағанда, түнде ауыл шетіндегі бұзылған үйге кіріп дәрет сындырып тұрғанда, біреу жағынын тартып жіберген. Қорқып үйге қашып келген сыныптасым, түнімен ұйықтай алмайды. Таңертең болған жайды анасына айтады (әкесі ерте қайтыс болған еді). Анасы баласының беті қисайғанын байқайды да, ауыл молдасына оқытады. Үш күн оқыған соң беті түзеледі, алайда мінез-құлқында өзгеріс пайда бола бастайды. Ауыл молдасы жын ұрып қана қоймай, баланың ішіне кіріп алғанын айтып, оны Қоқанда (Өзбекстанда) тұратын, жынды қуып шығатын молдаға апарып оқытуға кеңес береді. Ауыл молдасы Қоқанға апарғанда қасында ұстап тұатын екі жігіт ерте бару керек екенін айтады. Өйткені іштен жын шыққанда науқас бой бермей кетуі мүмкін екен.
Жынның шыққанын көзбен көрдім
Бір көлікті жалдап, анасы, менімен тағы бір досымызды қасына ертіп, ауырған сыныптасымызды Қоқанға алып кеттік. Бір қызығы ауырған сыныптасымыз межелі жерге жеткенше тоқтаусыз ән айтып барды. Көпшілікке қосылғаны болмаса, бұрындары ән айтатын өнері болған емес. Мақтаралдан ерте шыққан біз түс ауа Қоқанға жеттік. Екі сағаттай сұрастырып жүріп, молданың үйін әзер таптық. Ауладан бізді күтіп алған әйел кісі күте тұруымызды өтінді. Үйге кіріп шыққан ол «Мақтаралдан келдіңіздер ме?» деп сұрады. Мақтаралдан келгенімізді айтқан соң, «Қари сіздерді екі сағаттан бірі күтіп отыр, ішке кіріңіздер» деп үйге бастады. Амандық-саулықтан соң, молда «Қоқанға бағана келіп едіңіздер, үйді таппай біраз жүріп қалдыңыздар ғой» деді. Сонан соң, төрт жасар қара қошқардың терісімен қағып оқитынын, кешке қошқарды әкеліп қойып, таңертең ерте сою керектігін айтты. Ауырған сыныптасымызбен мен сол үйде қалдық та, анасы мен тағы бір досымыз қошқар сатып әкелуге кетті. Қошқардың нақты төрт жасар болуы міндет екенін айтқан молда, оларды қой сатушының үйіне баттады және молдадан келіп отырғанын ескертуді өтінді. Олар қошқар сатып әкелуге кеткенде молда ауырған сыныптасымды 10 минуттай оқыды. Сосын, ертең қошқар терісімен оқитынын айтып, бәрі дұрыс болатынына сендірді. Мақтаралдан шыққан сәттен бастап ертеңіне оқығанға дейін сыныптасым бөтен қылық көрсетпеді. Түнде де тыныш ұйықтады.
Таңғы төртте тұрып, арнайы қасапшыларға қошқарды сойғыздық. Сағат алтыда екі сыныптас науқас досымызды алып оқитын арнайы бөлмеге кірдік. Молданың айтуымен ауырған сыныптасымызды анадан туғандай етіп шешіндіріп, үстіне қошқардың терісін орап, арнай төсекке жатқыздық. Шалқадан жатқызып, белін белдікпен тартып тастады да, бірімізге аяғынан, бірімізге қолынан қатты ұстап тұруды тапсырды. Мен аяқ жағында тұрдым. Молда қатты дауыстап оқи бастады. Қорыққандікі ме, бөлме ішінде у-шу болып, адам қаптап жүргендей көрінді. Молда көзін жұмып алып оқып отыр. Бір кезде ауырған сыныптасымның үстіне адам бейнесіндегі елестер келіп кете бастады. Молда алдын ала олардың бізге еш зияны жоғын, одан қорықпауды ескертсе де, бойды үрей биледі. Қолын ұстап тұрған досымның да жүзінен үрейді байқадым. Бір кезде молда орнынан тұрып, ауру адамның үстіне төніп айғайлап, ішінен басап-басып қалды. Ауру досымыздың көзі аларып, аузын қатты ашып алған. Еш жаппайды. Қанша оқуғанын қайдам, маған өте узақ болғандай көрінді (кейін білдік, 40 минут оқыпты). Бір кезде ауру сыныптасымыз ышқынып жұлқына бастады, Молда да трансқа түскен кісі сияқты күйде. Әр ышқынған сайын екеумізді әрі-бері теңселтеді. Бір кезде науқастың аузынан түтін шыға бастады. Бойды одан сайын үрей биледі. Сол сәтте қатты ышқынып айғайлаған кезде аузынан бір адам бейнесі сияқты бір нәрсе ұшып шықты да, жоғары көтеріліп жоқ болып кетті. Сыныптасымыз есінен танып қалды. Молда да сылқ құлады. Аяқ қолын ұстап тұрған біз екеуміз де қара терге шомылдық. Науқас досымыздың өне бойынан тер моншақтап ағып жатыр. Бір кезде сұлқ жатқан молда орнынан тұрып, түсініксіз бір әрекеттер жасап, бірдеңе оқи бастады. Сәлден соң өз-өзіне келіп, науқастың үстін сүртіп, киімін кигізуімізді сұрады. Біз молданың айтқанын орындадық
Таңғы ас ішіп болған соң, молда тағы бір рет оқыды да, жолда еш жерге тоқтамай, үйге бірақ баруды және үш күн үйден шықпауды, тапсырды. Сол үш күнде ол жатқан бөлмеге бөтен адамдарды кіргізбеу керек екенін айтты.
Міне одан бері де 30 жыл өтіпті. Қазір сол досымыз балалы-шағалы, немере сүйіп отыр. Одан кейін денсаулығына шағымданып көрген емес.
Боранбай Қаржауов, Оңтүстік Қазақстан облысы
Егер бастарыңызден өткен қиял ғажайып оқиғалар болса, «Алаш айнасы» газетінің сайтына не редакцияның мекен жайна хат арқылы жолдауыңызды сұраймыз. Редакцияның мекен жайы alashainasy.kz сайтында көрсетілген.