Қасиетті Баянауыл жерін мекендеген Жұматай (1836-1918 жж.) Бейсенбайұлы дуалы ауыз әулие болыпты. Жұматай (лақап есімі – Әбжалап) үйленбеген, дүние жинап, мал ұстамаған көрінеді. Қысы-жазы көйлек-дамбалшаң, жалаң аяқ, жалаң бас жүре беретін ол «мен Алланың құлымын» деп, күнделікті несібесіне қанағат қылып, диуаналық өмір сүрген.
Әбжалап көп жыл Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса Шормановтың баласы Сәдуақастың үйінде тұрады. Мұны ұнатпаған Сәдуақастың кейбір ағайындары: «Сәкен аға, осы бір диуананы қасыңызда ұстап қайтесіз? Тіпті ұят-ақ», – дейді. Сонда оларға Сәдуақас: «Сендердің бұл екеумізде жұмыстарың болмасын. Бұл Әбжалап – менің бүгінгі жалғандағы ырысым. Құдай жазса, ақиретте тынысым да болады», – дейді екен.
Әбжалаптың әулиелігіне байланысты әңгімелер Баянауыл өңіріндегі ел аузында күні бүгінге дейін айтылып келеді. Әбжалапты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Әулиенің әулиесі Әбжалап» деп қатты құрметтепті.
Әбжалап әулие 1918 жылдың 14 ақпанында Құрмандоңғалақ деген жерде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қайын атасы Шегебай қажының ауылында дүниеден өтеді. Оны жерлеуге ақпанның сақылдаған сары аязында Мәшһүр Жүсіп те қатысады. Сонда Әбжалаптың сүйегін киіз кілемге орап, бейіт басына әкеледі. Осы жерде дұға оқылып болған соң, жігіттер мәйітті орап әкелген кілемді ашқанда онда мәйіт жоқ болады. «Астапыралла, астапыралла» деп, Мәшһүр Жүсіпке қарап: «Ата, Әбжалаптың денесі қайда?» – деп сұрауға ғана батылы барыпты. Сонда Мәшекең: «Бұған таңданып, абыржымаңдар! Әбжалаптың сүйегі көрде жатпас, ал менің сүйегім көрде 40 жыл бүлінбес», – деп қарқылдап күледі. Сосын: «Ол – Алланың еркесі болған адам. Жарықтық Әбжалап әулиеге бірде алба-жұлба болып тозған іш киімдерін шешкізіп, жаңасын кигізгенімде ойбайлап: «Мәшһүр мені тонап жатыр!» – деп айқай салатын еді. Алланың оның пешенесіне жазғаны осы болды. Енді оның кебінін мына көрге көміңдер!» – дейді. Бұл жағдаят турасында Мәшекеңнің шығармаларында да жазылған.
Бұл таңғаларлық оқиға туралы белгілі өлкетанушы, шежіреші ғалым, Екібастұз қаласының құрметті азаматы Серік Жақсыбаев былай деп әңгімелейді: «Әбжалаптың сүйегі киіз кілемнің ішінде неліктен болмағанын қысқа түрде былайша түсіндіруге болады: оккультизм ілімі бойынша, бүкіл дүниежүзіндегі жанды, жансыз материялық денелер тегіс жарықтан тұрады. Сондықтан ол денелердің әрбір бөлшегі де жарық болады. Сонымен, әрбір материялық дене жарық көзі болып саналады. Сондай-ақ адам денесі де – жинақталған жарық. Осы тұста айта кетсек, жарықтың бір ғажабы: ол ғаламда секундына 299 330 шақырым жылдамдықпен қозғалады, ал адам ойының қозғалысы одан да жылдамырақ екен».
Әулие адамдар ішінде тек некен-саяқ әулиелер Алла тағаланың өздеріне берген, сыры басқаларға құпия қасиеттері арқасында өмірден өткенде әдеттегідей тәндерін жерлеуге қалдырмайды. Ондай адамдар өлерлік халге жақындағанда денелеріндегі электрондарды дұға оқып, жарық түріне өзгерте алатұғын болған. Осындай қасиеті бар әулие өз қазасынан бір күн ілгері үйіндегі адамдарға: «Мені бүгіннен бастап осы бөлмеде жеке қалдырыңдар. Ертең мен өлгеннен кейін денемді жапқышпен жауып, бір жұма бойы бұл бөлмеге кірмеңдер», – деп өтініш жасайды. Сосын сегізінші күні қайтыс болған әулиені жерлеуге келген адамдар оның жатқан бөлмесіне кіріп, үстіне салған жапқыштың астында жансыз дененің жоқтығын көреді. Сонда өліктің астындағы төсеніштің үстінде оның тек шаштары мен тырнақтары қалады. Мұндай жағдайда өліктің денесі шым-шымдап жарық боп өзгеріп, бір жұма шамасында толығымен мүлдем жоғалып кеткен болады. Бұл сияқты таңғажайып құбылысты орыс тілінде «радужное тело» дейді. Мұндағы «радужное» деген сөз түрлі жарық боп көрінетін орыс тіліндегі «радуга» (қазақша: кемпірқосақ) деген сөзге байланысты пайда болған. Ендеше, «радужное тело» деген сөз тіркесінің қазақша баламасы «жарық болған дене» деген сөз.
Ал Әбжалап әулиенің өзіне тән үйі болмағандықтан, ол өлмесінен бұрын Алла тағалаға жалбарынып, қаза болған мезгілінен бастап жерлеуге дейінгі уақыт аралығында сүйегінің толығымен жарық болып өзгеріп кетуіне дұға жасауы мүмкін деп пайымдауға болады. Бәлкім, Әбжалап әулиенің сүйегін ораған кебіннің ішінде оның шаштары мен тырнақтары қалған шығар, алайда Мәшһүр Жүсіп Әбжалаптың сүйегінің жарық боп ғаламға таралып кеткенін және кебіннің ішінде оның шаштары мен тырнақтары қалғанын, әрине, білмеді деуге болмайды. Сондағы қыстың аязды күнінде бейіттің басында таңғажайып оқиғаның әсерінен абыр-сабыр жағдайдың мән-жайын, сөзсіз түсіндіріп айтпаған болуы керек.