Жезтырнақпен алысқан Күркебай мерген
Жезтырнақ біздің түсінігіміздегідей құбыжық жаратылыс емес, кәдімгі құбылмалы бейне-сайтанның нақ өзі деседі, қайсыбір көнекөз, кәріқұлақ қариялар. Осы орайда Саржомарттың әйгілі домбырашысы, шешен Шайқы ақсақалдан естіген мына бір әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмын.
Күркебай мерген күреңтөбел атына мініп, тағы бір қыл құйрықты жетегіне алып саятқа кеткеніне бүгін екінші күн. Қосағындағы атқа аулаған аң-құстарын теңдеп әкеледі. Ауыл адамдары оның жолын тосып, аңшылық сапардан аман-есен оралуын тілеуде. Оның себебі түсінікті. Мерген ат жалын тартып мінгеннен бері кедей-кепшіктерді, жетім жесірлерді аң-құс аулап асырап жүр. Бұл жолы сапарының екінші күні үлкен бұғының еркегін атып алды. Дереу терісін сыпырып, етін жіліктеп бұзды да, қоржындағы тұзбен керегінше тұздап, терісіне орап тастады. Үш-төрт сағат тұз сіңіп жатқан етті сорғытып алу үшін, қалың қарағай-шыршаның арасына іліп тастады. Бұйыртса, ертең ауылға алып қайтпақ. Бұл жолы қанжығасы майлы, атып алған қырық шақты ұлар мен құрлары да бар. Сөйтіп, бүгінгі шаруасын бітіріп, мосыда пісіп тұрған етпен, құмғанда қайнап тұрған шайға келді. Қолын шайып, асқа кірісті. Сол сәтте оң жағынан сыбдыр естілді. О, ғажап, ақырын басып бір әйел келе жатыр. Өте өңді, киімі де келісті. Әлгі әйел мергенге бес-алты метрдей жақындап келді де, аяқтарын етегімен жасырып отыра қалды. Бұл қайдан жүрген әйел екенін білгісі кеп сөзге тартқан Күркебайға ол жауап бермеді. Ләм-мим демей, майысып отырып алды. Күркебай оған бір кесек ет ұсынып еді, қолдарын көйлектің жеңінен шығармай алды да, шапшаң жеп қойды. Одан әрі көп аялдаған жоқ, орнынан байыппен тұрды да, келген жағына қарай аяғын сәндене басып, жүріп кетті. Күркебай да тегін адам емес қой, көзінің қырымен барлай отырып, оның ұзын тырнақтарын байқап қалды. Жезтырнақ деп ұқты. Ендеше ол түнде қайта соғары сөзсіз.
Күркебай көп ойланбай шақырылмаған қонағын қарсы алуға дайындалды. Кісі бойындай жұмыр томарға қалпағын кигізіп, басына ертоқымын жастап, үстіне шекпенін жауып жатқызып тастады. Аяғындағы саптама етігін шешіп, оның қасына қойды. Өзі бесатарын алып, қарағайдың бұтағына жайғасты. Аспан ашық, ай жарық. Түн ортасы ауғанда бағанағы әйел шапшаңдата келіп, жатқан кісінің үстіне қона түсті. Сол кезде Күркебай: «Әй, бикеш, саған не керек?» деді. Мұны күтпеген әйел жалт қарағанда, мылтықтың шүріппесі де басылды. Әйел қолын сілтеп қалды да, көзден ғайып болды. Осы кезде Күркебай отырған қарағайдың діңіне бірдеңе сарт етіп, қадала қалды. Бұл әйел қағып жіберген бесатардың оғы еді. Сайтан қызыл тікеннен, сарала қамшыдан ғана қорқады, мылтықтан қорықпайды дегенді Күркебай бұрын да естіген. Міне, оның шын екеніне өзі куә болды. Жезтырнақ боп келген сайтан екеніне де көзі жетті.
Советхан Қалиғожин, Өскемен
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz