Өткенде біреу «дұға деген жоқ, оның бәрі ойдан шығарылған нәрсе» деп жазыпты. Ал мен дұғалау дегеннің бар екеніне сенемін. Менің дұғалаудың бар екені жайлы пікірімді ешкім өзгерте алмайды. Өйткені, ондай жағдай менің өз басымнан өткен. Сол жағдайды сіздерге баяндап берейін.
Мен келін болып түскенде ата-енемнің қолында меннен үлкен абысыным бар еді. Ол кісінің бұл шаңыраққа түскеніне сегіз жыл болыпты, бірақ бала көтермеген екен. Мен келін болып келген соң екі айдан кейін қайын ағам еншісін алып бөлек отау тікті. Жалпы қайын ағам да, абысыным да жақсы кісілер. Бірақ абысыным біреудің қолында сәби көрсе, көңілі бұзылып жылаумен болатын. Ондай кездерде аяп кететінмін. Сондай бір кезде «егер бала көтермей жатсаңыз біздің бір баламызды асырап аласыздар» дегенім бар. Ол сөзді еш ойданбай, абысынымды жұбату үшін айта салғам. Сөйтсем абысыным менің сөзімді қайынағама айтыпты. Сөйтіп, екеуі біздің баламызды асырап алуды ұйғарыпты.
Көп ұзамай менің аяғым ауырлады. Ішім білінгеннен бастап абысыным үйге күнде келетін болды. «Не жейсің, не қажет» деп менің жанымнан шықпайтын. Баяғы – баламды берем деген сөзді мен ұмытып та кеткем ғой. Ол кісінің құрақ ұшуын туысқандық жанашырлық деп жүріппін. Ай-күнім жақын қалған. Бір күні абысыным келіп, «баланы перзентханадан шыққан бойда аламыз» дегенде, ештеңені ұқпай, есеңгіреп қалдым. «Не айнып қалдың ба?» дегенде барып, баламды берем деген сөзім есіме оралды. Не айтарға білмей, абыржып, «көреміз» деп құтылмақ болдым. Бірақ абысынымның түрі сұп-суық болып, сұрланып кетті. Қорқып кеттім. «Мен шаршап тұрмын жатайын» деп әңгімеден қаштым. Абысыным төсегімді дұрыстап, «жатып деміңді ал, бірдене қажет болса ұялмай айт. Мен кешке келем» деп шығып кетті.
Күйеуім кешке жұмыстан келгенде абысыным екеуміздің арамызда болған әңгімені айттым. Күйеуім «баланы ешкімге де бермеймін» деп кесіп айтты. Кешке абысыным келді. Күйеуім оған да «баланы ешкімге бермеймін» деді. Абысыным ашуланып «неге алдайсыңдар, бермейтін болсаңдар неге бастан-ақ айтпадыңдыр» деп айғай-шу болды. Абысыным аузына келгенін айтып, үйден жылап шығып кетті. Содан кейін біздің үйге келуді мүлде доғарды. Уақыт жетіп, мен дүниеге ұл бала әкелдім. Бәріміздің қуанышымызда шек болмады. Бірақ абысыным шілдеханаға да, баланы қырқынан шығарғанда да келмеді. Мен абысынымның алдында өзімді кінәлі сезініп жүрдім. Бір күні абысыным үйге келді. Сол сәтті пайдаланып кешірім сұрадым.
Арада екі күн өткенде үйге абысыным келді. Қолында балаға деген киімдері, ойыншықтары бар. Мен қуанып қалдым. Киім мен ойыншық үшін емес, абысынымның мені кешіргеніне қуандым. Содан кейін абысыным үйге жиі келетін болды. Бірге шай ішіп әңгіме де айтамыз. Жалпы ара қатынасымыз жақсарды. Кейде маған дүкенге барып келу керек болса, баланы абысыныма қалдырып жүре беретінмін. Сөйтіп жүргенде баламда бір мазасыздық пайда болды. Түнімен ұйықтамай жылай беретінді шығарды. Бесікке жатқызсам да, өз төсегіне жатқызсам да жылайды. Екі айдай түнде ұйқы бетін көрмедім. Көтеріп жүрсем, қолда ұйықтайды. Дәрігерлер денсаулығынан кінәрат таппады. Болмаған соң емшіге бардық.
Не болғанын сұраған соң емші өзіне ғана түсінікті әрекеттер жасап, бірдеңе оқыды да, соңынан пал ашты. «Бала таппаған абысының бар екен. Сол зиян жасаған. Бесіктегі, төсектегі және өздерің жастанатын жастықтардың ішін ашып қара. Сол жерден бөтен зат тауып алсаң, оны өртеп, күлін суға ағызып жібер. Сосын татар молда тауып, қайтарма жасап оқыт, зиянды татар молдаға жасатқан екен. Бұл жайлы абысыныңа айтпа» деді. Емшінің айтқандарына сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік. Үйге жетіп, жастықты ашқанша асықтық. Бесіктегі жастықты ашқанда өз көзімізге өзіміз сенбедік. Жастықтың арасында бір орам әйелдің шашы тұр. Басқа жастықтарда да дәл солай. Күйеуім ашуға мініп, жеңгесіне бармақ болып еді, мен «емші айтпа деген» деп зорға көндірдім.
Құдайдың құдіреті, сол күннен бастап баламыздың жылауы сап тыйылды. Көп ұзамай көрші ауданда тұратын бір татар молдаға апарып, баланы үш күн оқыттық. Татар молдаға оқытқан соң, бала шошуын да қойды. Тәбеті де ашылды. Оған дейін тек емшек еметін. Енді қосымша тамақтарды жей бастады. Бір қызығы біз емшіге барған күннен бастап абысыным үйге келуін қойған еді. Көп ұзамай, енем абысынымның қатты науқастанып қалғанын айтты. Басы қоймай, қатты ауырады екен. Өзінің айтуынша, қан қысымы жоғарылап кетіпті. Бірақ мен «ол қайтарылған дұғаның әсері» деп ойладым. Өйткені емші солай айтқан еді.
Осы жағдайдан кейін дұға жасау дегеннің бар екееніне 100 процент сенетін болдым.
Маржан, Оңтүстік Қазақстан